×

80 мың киікті атпақ болып отырған БҚО-да 1,4 млн гектар жер бос жатыр

Кейін жергілікті құзырлы органдардың араласуымен соның 220 мың гектары мемлекетке қайтарылған

 Еркеғали Болатұлы 05.07.2022 | 10:22
фото: ашық дереккөз

Батыс Қазақстан облысында 1 млн 400 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері пайдаланылмай, бос жатыр. Бұл туралы AMANAT партиясы облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

«Астана» телеарнасының хабарлауынша, былтырдан бері 83 қожалықтың өз жерін игермегені анықталған. Кейін жергілікті құзырлы органдардың араласуымен соның 220 мың гектары мемлекетке қайтарылған. Бірақ бұл мардымсыз көрсеткіш. Өйткені жарияланған мораторийдің кесірінен жеке қожалықтың жерін тексеру мүмкін емес. Сондықтан осы шектеуді заң жүзінде алып тастау қажет дейді құзырлы орган өкілдері. Қазір бос жатқан алқап тек ақпараттық жүйелердегі мәліметтер арқылы анықталып отыр. Айласын асырған пысықтар мұны да айналып өтудің амалын тапқан.

23 қожалық малды тіркеп қойды, қолданып жатыр деген мәліметін алып отырмыз. Алайда қазір сол жерге барып, нақты қарасақ, ол жер қалай бос жатты, тап солай әлі бос жатыр. Малды біреуден сатып алдым дейді де, тек ИСЖ базасына тіркеп қояды. Ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты тексерулерді алып тастау керек. Себебі ең кедергі болып отырғаны – тексеру жүргізу мүмкіншілігі жоқ, - дейді Жаңақала ауданының прокуроры Ғалымбек Мұхитов.

Пайдаланылмай бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтару бойынша Жаңақала ауданы көш бастап тұр. Бұл елді мекенде жарты жылдың ішінде 20 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.

Бір қызығы, билік 1,4 млн гектар жері пайдаланылмай жатқан Орал популяциясынан 1 млн-ға жетер-жетпес киіктің «санын реттемек» болып, оның 80 мыңын «Охотзоопром» мекемесі арқылы аулап, ет комбинаттарына тоғытпақ. Браконьерлерден қызғыштай қорып өсірген түз тағыларының бір өңірдегі 10 пайызын халық игілігіне жарататын кез келген шығар, бірақ оларға «жайылатын жер жетпей жатыр» деген сылтауды айтпай-ақ қойса да болғандай екен...

Серіктес жаңалықтары

Сараптама