Шие орнына өрік. Түркістан облысында контрабандашылар ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Өзбекстаннан жеміс-жидек заңсыз әкелінген

фото: ашық дереккөзден

Заң бұзушылар контрабанданы алып келу кезінде түрлі схеманы қолданады. Мәселен, «жаңа піскен шие» орнына ілеспе құжаттарда «жаңа піскен өрік» деп көрсетілген. Оның шие бағасынан бірнеше есе арзан екені белгілі. Бұл туралы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

«Әдетте жазда Өзбекстаннан жеміс-көкөніс өнімдері мен кептірілген жеміс көптеп әкелінеді. Бұл халықаралық сауда кезінде әкімшілік кедергілер жасамай, кедендік бақылауды жедел жүргізуді қажет етеді. Осыған байланысты, мемлекеттік кірістер комитеті кедендік бақылау жүргізу кезінде көліктердегі тауарларды тексеруге мүмкіндік беретін инспекциялық-тексеру кешендерін сәтті қолданады және кедендік декларацияларда мәлімделген тауарлар жайлы мәліметтерде алшақтық болған жағдайда нақты кедендік тексеру жүргізуге мүмкіндік береді», – дейді комитет.

Мәселен, жыл басынан Қазақстан аумағына келген көліктерді кедендік тексеру нәтижесі бойынша, жалпы салмағы 1 000 тоннадан асатын тауарларды декларацияламау фактілері анықталды. Атап айтқанда, биылғы 23-31 мамырда Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаментінің «Сарыағаш станциясы» және «Қапланбек» кеден бекеттерінің қызметкерлері айтарлықтай көлемде тауарларды декларацияламау фактілерін анықтады.

Мысалы, 2022 жылғы 29 мамырда «Сарыағаш станциясы» кеден бекетінде бақылауды жүзеге асыру кезінде жалпы салмағы 57,8 тонна контрабандалық жүк анықталды (күріш – 30 тонна, итмұрын – 5,7 тонна, науат (шығыс тәттілері) – 1,8 тонна, кептірілген мейіз – 4 тонна, зығыр майы – 2 тонна, халва – 1,8 тонна және т.б.). Құжаттар бойынша «ассортименттегі кептірілген жемістер тауарлары» деп көрсетілген, – дейді ведомство.

2022 жылғы 1 маусымда «Қапланбек» кеден бекетінде тексеру жүргізу кезінде салмағын 9,7 тоннаға төмендету арқылы салықты көп қажет ететін тауарды (жаңа піскен шие) дұрыс емес декларациялау фактісі анықталды. Сонымен, «жаңа піскен шие» орнына ілеспе құжаттарда «жаңа піскен өрік» деп көрсетілген. Оның шие бағасынан бірнеше есе арзан екені белгілі. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кінәлілер жауапқа тартылды.

Қазақстанда есірткі тасымалдайтын трансұлттық арна жойылды. Қытаймен байланысты экономикалық контрабанда анықталды. Қызылорда облысында 63 тонна контрабанда тәркіленді. Мүйізтұмсық пен мамонт мүйіздерін елден шығармақ болған азамат сотталды.