×

ЕАЭО статистикасы: Қазақстанның қанша қарызы бар

Қазақстан мен Ресейдегі бюджет тапшылығын жабу үшін ақшаның басым бөлігі ұлттық қорлардан алынды

 Еркеғали Болатұлы 01.03.2024 | 17:25
фото: ЕЭК баспасөз орталығы

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджет тапшылығы мен мемлекеттік қарызына қатысты есеп жарияланды, деп хабарлады Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайты.

2023 жылдың қорытындысы бойынша, одаққа мүше елдердің республикалық бюджеттен шығарған шығыстары кірістен асып кеткен. Қырғызстан ғана бюджетті профицитпен жауып отыр.

Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда Арменияда бюджет тапшылығы 5,2 пайыз өссе, Қазақстанда 30,5 пайыз, ал Ресейде 2,0 ппайыз артқан.

Комиссияның есебіне сәйкес, Қазақстан мен Ресейдегі бюджет тапшылығын жабу үшін ақшаның басым бөлігі ұлттық қорлардан алынды.

Одақта мемлекеттік қарыздың көлемі де артты. Бір жылдың ішінде Арменияда 14,6%, Қазақстанда 7,3%, Қырғызстанда 17,1%, ал Ресейде 12,2% өсті. Армения мен Қырғызстанда мемлекеттік қарызда сыртқы берешек басым болса, Қазақстан мен Ресейде ішкі қарыз артып отыр.

Биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сыртқы мемлекеттік қарыз (АҚШ долларымен есептегенде) Арменияда (0,9%) және Қырғызстанда (3,9%) өскен. Ал Қазақстан (8,3%) мен Ресейде (1,6%) көрсеткіш, керісінше, азайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама