×

«Теңге құнсыз емес!» - журналистің сұрағына министр шамданып қалды

Бүгінде ұлттық валюта тұрақты

 Дәурен Ерболат 30.01.2024 | 17:45
Фото: Halyq Uni

Қазақстанның теңгесі – құнсыз валюта емес. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі министрге «ТМД елдері ішінде Өзбекстанның сумынан кейін Қазақстанның теңгесі құнсыз валюталардың бірі екен. Мысалы, Әзербайжанның ұлттық валютасы – манат, Қырғыстанның сомы құнды. Неге теңге құнсыз?» деп сұрақ қойды.

Осыдан кейін Әлібек Қуантыров пен журналист сөзге келіп қалды.

Сіз неге олай айтасыз? 1 доллар – 450 теңге. (ТМД елдеріндегі) валюта әртүрлі. Оларды сіз қалай байланыстырасыз? Теңге құнсыз емес! 2 жыл бойы біздің ұлттық валютамыз тұрақты. Бюджетте доллардың бағамы ресми түрде 460 теңге деп бекіді. Қазір бұл көрсеткіш 450 теңгеге жуық, одан да төмен. Былтыр бюджетте доллардың бағамы ресми түрде 470 теңге болды. Нәтижесінде 1 доллар 450-452 теңге болды. Сондықтан ұлттық валютамыз тұрақты, - деді министр.

Журналист «Теңгенің тұрақты екені белгілі, бірақ ол құнды валюта емес қой?» деп сұрағын нақтылады.

«Мен сіздің сұрағыңызға жауап бердім!» - деп жауабын қысқа қайырды Әлібек Қуантыров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама