×

Тоқаев Шымкент әкіміне тапсырма берді

Қалада 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр

 Халық үні 16.01.2024 | 12:50
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

Ғабит Сыздықбеков Шымкенттің 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берді. Оның айтуынша, былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26% артып, 724,3 млрд теңгені құрады.

Былтыр 1 млрд 51 млн теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған, делінген ақпаратта.

Қазір 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4% көп.

Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген. Қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қалада «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар салынған. Былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық ашылған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған, делінген ақпаратта.

Қала әкімі 233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілгенін де айтып өтті.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3 мың бейнебақылау камерасын орнату, мыңға жуық көшені жарықтандыру жоспарланған.

Соңғы жылдары мұндай жүйелі шараның нәтижесінде қылмыс саны 33% азайған. Жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды. Орталықтағы «Спутник» гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама