×

2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жетеді

Биыл елімізде мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жеткен

 Ербол Тұрымбет 22.12.2021 | 10:51
Мағзұм Мырзағалиев, Энергетика министрі

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев 2030 жылға қарай Қазақстанда мұнай өндіру 100 млн тоннадан асатынын айтты. Министрдің айтуынша, биыл елімізде мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жеткен, ал экспорттау 67,6 млн тонна көлемінде деп күтіліп отыр.

Жоспарға сәйкес елімізде мұнай өндіру одан әрі ұлғаятын болады. 2030 жылға қарай оның көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жетеді, - деді министр Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.

Біріншіден, Теңіз кен орны арқылы мұнай өндіру жылына 12 млн тоннаға артады (қазіргі өндіру 28 млн тонна). Екіншіден, Қарашығанақ кен орнындағы өндіру деңгейін ұзарту жобасының арқасында мұнай өндіру жылына 11-12 млн тонна деңгейінде сақталмақ.

Келесі жоспар - Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу. Аталған өнеркәсіп жылына 3 млрд текше метр тауарлық газ өндіруге және мұнай өндіруді 16-дан 20 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, Каспий теңізіндегі Хазар және Қаламқас-теңіз кен орындарын игеру жобасы бойынша жұмыстар басталды. Бұл кен орындарында 2028 жылдан бастап жылына 4 млн тонна мұнай өндіріледі деп жоспарланып отыр», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Биыл мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша 4,7 млн тонна бензин, 4,8 млн тонна дизель отыны, 2,4 млн тонна мазут, битум 933 мың тонна және 600 мың тонна авиакеросин өндірілген. Елімізде дизель отыны тапшылығымен күресу мақсатында Павлодар мұнай өндеу зауытының жөндеу жұмысы биыл қыркүйек айынан қарашаға шегерілді. Одан бөлек, Ресейдің мұнай өндеу зауыттарынан 281 мың тонна дизель отыны импортталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама