×

«Субсидия латифундистердің қолында» - шаруалар шындықты айтты

Қарапайым адамдар оны алуға жылдап кезекке тұрады

 Айнұр Асылбекқызы 21.05.2022 | 00:58
фото: atr.kz

Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновпен кездесуде шаруа қожалығының өкілдері өңірге Үкіметтен бөлінген ауыл шаруашылығы субсидиясының көлемі аз екенін атап айтты.

«Субсидияның 80 пайызға жуық көлемі латифундистердің қолында. Қарапайым шаруалар оны алуға жылдап кезекке тұрады. Олардың қатарында мен де бармын. 2021 жылы облысқа 700 млн теңге бөлінсе, бір «Первомайский» ЖШС-нің өзі соның жартысынан астамын алды. Алуы заңды, бірақ, қалған 1000 шаруаға субсидия жетпейді. Оның үстіне облысқа бөлінетін субсидия қаражатын жергілікті атқарушы органдар жергілікті шаруалармен кездеспегендіктен Ауыл шаруашылығы министрлгіне нақты талдау жүргізбей, соманы ойдан шығарып сұратып отыр деп есептеймін.

Мен ауыл шаруашылығы техникасына субсидия алуға кезекте тұрмын. Бір өкініштісі, бізде отандық өндірушіден сатып алынған техника үшін субсидия қарастырылмаған. Субсидияны тек қана шетелдік техникаға, яғни, Ресейден немесе Белорусьтен сатып алынған техника үшін береді. Ал Ресейге салынған санкцияның кесірінен ол жақтан техника жеткізудің мүмкіндігі жоқ», - деді Айбар Ерекешов деген азамат.

«Дастан» шаруа қожалығының иесі Қоныс Ерманов Батыстың Ресейге санкциясын егін шаруашылығымен айналысып жатқан фермерлер де сезініп отырғанын айтты. Ол да ауыл шаруашылығы техникаларын елге жеткізе алмай қиналып отырмын, деді.

«Украинадағы соғысқа байланысты Ресейге қойылған шектеулердің кесірінен ауыл шаруашылығы техникасымен қатар, жабдықтар мен автобөлшектерді әкелуге тыйым салынған. Тіпті, кейбір тыңайтқыштарды да ала алмай отырмыз.

Мысалы, қыс басталмай тұрып мен Ставрополь өлкесінен 5 млн теңгеге, ал Краснодар өлкесінен 1 млн теңгеге сатып алған техникаға тапсырыс бердім. Бірақ, оларды бірнеше рет кеденнен кері қайтарып жіберіп жатыр», - деді ол.

Кездесуде шаруалардың басым бөлігі бұрынғы ауыл шаруашылығы бағдарламаларын қайта жандандыруды сұрады.

Мәселен, 2018-2019 жылдары Үкімет тарапынан шаруаларға баламалы энергия көзі ретінде күн панельдерін орнатуды қайта жүзеге асырса екен деген тілектерін айтты.

Сонымен қатар, жем-шөпке берілетін субсидияны желтоқсанда емес, нағыз жем-шөп дайындалатын шілде, тамыз айларында төлеуді сұрады.

Одан соң қожалықтарға арзандатылған бағамен жанар-жағармай сатылса деген өтініштерін де жасырмады. Мәселен, қазір оның 1 литрі 230 теңге болса, жағармайды 170 теңгеден берсе деп ұсынды.

Кездесуде облыс әкімі Серік Шәпкенов  шаруалардың көтерген проблемаларын мұқият тыңдап, заң аясында мәселелердің түйінін тарқатуға болатынын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама