×

Криптоиндустрияны экономиканың жетекші саласына айналдыруға мүмкіндік бар - Дәурен Қарашев

Маман елімізде өндірілетін криптоактивтерге сұраныс өте көп екенін айтты

 Ербол Тұрымбет 28.11.2023 | 09:44
Фото: Дәурен Қарашевтің әлеуметтік желідегі парақшасынан

Жаңа технологияның кез келген түрі интернетпен, деректерді сақтау және тасымалдаумен тығыз байланысты. Ол үшін мәліметтерді тасымалдаудың жаңа түрі web 3.0-ге көшу жүріп жатыр. Қазір бүкіл әлем елдері web 3.0-ді дамыту бойынша бір деңгейде келе жатандықтан Қазақстанның осы жерде ілгері озып шығатын мүмкіндігі бар деп санайды Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашев. Түркістанда қарашаның 24-25-і күндері өткен TIF’23 – «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумында көтерілген үлкен тақырыптардың бірі осы болды.

Оның сөзінше, бұл жерде майнингтің рөлі зор. Әсіресе, майнинг проблемалы аспект ретінде қарастырылмауы керек. Өйткені, оның энергетика жүйесіндегі барлық олқылығы толығымен реттелген. Себебі, сол үшін лайықты заң қабылданды, ол заң ешқандай қауіп-қатер жібермейді. Сөйтіп, майнинг бұдан былай энергожүйемізге қолдау білдіретін салаға айналды. Ал майнинг рөлінің зор болатын себебі, блокчейн жүйесінің сақталуын, сенімділігін, бұзып кіретін жағдайларға төзімділігін қамтамасыз ететін қызмет түрі. Соның бірі, мысалы, биткойн блокчейні.

Негізгі айтпағым, биткойн өндіріліп, айырбасталып, сатылып жатқан және соған қажетті инфрақұрылымы қалыптасқан ел блокчейн саласындағы бүкіл жаңа жобаларды тартатын орталыққа айналады. Өйткені, биткойн блокчейні осы блокчейн жүйесіндегі ең сенімді әрі кең таралған түрі. Сондықтан Қазақстанның осыны экономиканың негізгі саласына айналдырып жіберуге керемет мүмкіндігі туып тұр, - дейді ол.

Маманның айтуынша, бүгінде АҚШ, Сингапур сияқты бірқатар дамыған ел осылай істеген. Дегенмен, олардың бәрін бір деңгейде деп санайды. Мәселен, бір жерлерде заң кемшін түсіп жатады. Айталық, АҚШ-тағы бүкіләлемдік FTX криптобиржасының тоқырап қалуы соның жарқын дәлелі.

Ал Қазақстанда 2021-2023 жылдар аралығында цифрлық майнинг бойынша біршама мәселе туындады. Сала дұрыс реттелмей, соның салдарынан электр энергиясы үзіліп, блэкауттар болып жатты. Дәурен Қарашевтің сөзінше, осындай жағдайдың бәрі тәжірибе болып жиналып, ақырында жақсы инфрақұрылым қалыптасады. Сол үдемен біздің ел де сол кезеңді өткеріп болып, АҚШ сияқты жаңа кезеңге аяқ бастық. Тіпті, осы тұрғыдан бір-бірімізден үйреніп жатырмыз деген ойда.

Жалпы, блокчейн жүйесі ең дұрыс юрисдикцияларды блокчейн, криптосауда, криптоайырбас үшін қауіпсіз орта саналатын бір жерге біріктіреді. Ол орта барлық елге тең. Барлық ел көрші елдің юрисдикциясын оқи береді. Құдай қаласа, Қазақстан да тұтынушы мен бизнес үшін қауіпсіз инфрақұрылымы бар сондай ірі ойыншыға айналады, - дейді қауымдастық басшысы.

Форумда айтылған тағы бір маңызды мәселе, Қазақстанда цифрландыру саласында үлкен қадам жасағаны әмбеге мәлім. Оған кей банктердің жүйесін мысалға келтіруге болады. Дәурен Қарашев енді сол басымдықты нықтау үшін деректерді сақтаудың жаңа түрі – блочейнге мән беру керек екенін айтады. Ал блокчейннің дамуы майнингтің даму деңгейімен, жалпы заңнамамен тығыз байланысты. Сол үшін қауымдастық осы сала заңнамасының қалыптасуына, дамуына мұрындық болып, алаяқтар пайдаланып кетпес үшін әлі де сол заңның әлсіремеуін, олқылық жібермеуін қадағалап келеді.

Сондай-ақ, тағы бір жайт, майнинг жаңғыртылатын энергия көздері саласында өте белсенді жұмыс істейді. Жалпы, Қазақстан майнинг саласында әлем бойынша көшбасшылардың бірі. Бұл дегеніңіз, Дәурен Қарашевтің сөзінше, біз әлі ешқандай транзакцияда, соның ішінде қылмыстық транзакцияларда болмаған криптоактивтерді шығарып жатырмыз. Ал өндірілген және әлі еш жерде қолданылмаған криптоактивке сұраныс криптобиржадан алынған криптоактивке қарағанда әлдеқайда жоғары.

«Сондықтан егер біз майнинг есебінен жаңғыртылатын энергия көздерін дамытатын болсақ, Қазақстанда өндірілген біздің криптоактивтеріміз қаржылық қылмыстан және карбон қалдықтарынан ада болады. Сөйтіп, сыртқы инвесторлардан орасан сұраныс түседі. Ол сұраныс біздің криптоэкожүйеміздің, криптобиржамыздың және солармен тығыз жұмыс істейтін банктеріміздің дамуына септігін тигізеді», дейді сала өкілі.

Осы жағынан келгенде, бізде криптоиндустрияны экономиканың жетектеуші саласына айналдырып, Орталық Азия, тіпті әлемдік лидерге айналуға жақсы мүмкіндігіміз бар деген пайымда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама