×

Қарапайым экономика: Сыртқы қарыздан қауіп бар ма?

 Халық үні 27.11.2023 | 15:50
Фото: nationalbank.kz

Қазақстанның сыртқы қарызы туралы үнемі айтылып жатады. Әсіресе, қоғамдық қарапайым ортада адамдар мұны «біз тіпті кішкентай мемлекеттер мен аралдарға да бережақпыз ғой» деп әсірелетіп айтуға құмар. Бұл қаншалықты рас? Осы мақалада аталған тақырып бойынша сөз қозғаймыз. Әуелі, екі ұғымға бөлек тоқталайық.

  • «Сыртқы қарызға» еліміздегі барлық инвестиция, фирмааралық ақша қатынастары, біздегі шетелдік компаниялар бас кеңселерінің Қазақстандағы филиалдарына жіберген қаржысы, үкімет пен квазимемлекеттік компаниялар алған қарыз кіреді. Бұл мемлекет пен халық қарыз дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Біз оның ішіндегі мемлекеттік қарызына ғана жауап береміз. Ал басқасына алаңдауға себеп жоқ. Мәселен, биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша біздің сыртқы қарызымыз 161,8 миллиард доллар болды. Оның 131,8 миллиарды жеке компаниялар мен фирмаларға, инвестицияларға тиесілі. Ал қалған 30 миллиард доллардың ішінде сіз бен бізге қатысты қарыздар бар. Яғни, осы 30 миллиард доллар мемлекеттің қатысы бар сыртқы қарыздарға жатады. Ол да әрі қарай бірнеше жікке бөлінеді. Оның ішінен Үкімет алған сыртқы қарыз 14,7 миллиард доллар, мемлекет бақылауындағы банктер мен қаржылық ұйымдардың сыртқы қарызы 15,3 миллиард долларды құрады.

Айта кетейік, қарыз сыртқы қарыздан ғана тұрмайды. Үкімет алған ішкі қарыз да бар. Осы Үкімет алған ішкі және сыртқы қарыздар қосылып, барлығы мемлекеттік борыш деп аталады.

  • Биыл 1 шілдеде мемлекеттік борыш көлемі 28,5 триллион теңге болып белгіленді. Біздің ішкі жалпы өніміміз 118,3 триллион теңге деп есептесек, борыш ІЖӨ-нің 24,1 пайызын құрайды. Әлемдегі методика бойынша бұл қауіпсіз деп есептеледі. Ал біздің Бюджеттік Кодекске сәйкес, мемлекеттік қарыз деңгейі ішкі жалпы өнімнің 30 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Аталған 28,5 триллион теңгенің ішінен 7,5 триллион теңгесі ғана сыртқы қарыз. Ал қалғанының барлығы ішкі қарыз болып есептеледі. Ішкі қарыз біз үшін қауіпсіз. Себебі ол теңгемен берілген. Үкімет алған ішкі қарыз 17 триллион теңгеге жетті. Ішкі қарызды Қаржы министрлігі Қазақстан қор биржасына мемлекеттік құнды қағаздар, яғни Қаржымин облигацияларын орналастыру арқылы алады.

Мемлекеттік облигацияларды нарық ойыншылары, банктер, сақтандыру компаниялары алып отырады. Себебі, оның қайтуына 100% кепілдік берілген және оның кірістілігі өте жақсы. Облигациялар арқылы алған қарызды Үкімет бюджет дефицитін жабуға жұмсап, мемлекеттік құнды қағаздар нарығының дамуына көмектеседі.  

Ал енді сыртқы қарыз бен мемлекеттік борыш не екенін терең түсінген кезде «Әрбір қазақстандық – еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін шетелге 8 мың доллар қарыз» деген негізсіз әңгімеге сене бермейтін боласыз.

Айта кетейік, сыртқы қарыз статистикасына қатысты ресми әрі үнемі жаңартылып отыратын ақпаратты Ұлттық Банктің сайтынан алуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама