×

TIF’23 форумында ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту талқыланды

Түркістанда халықаралық форум өтіп жатыр

 Халық үні 24.11.2023 | 17:09
Фото: Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Түркістан облысында алғаш рет бизнес және туризм өкілдерінің басын біріктірген TIF’23 - «Түркістан: Туризм, Инвестиция, Экономика» халықаралық форумы басталды. Форум аясында «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессия отырысы өтті.

Салалық сессияда өнімді стандарттау және сертификаттау, бөлшек сауда желілеріне шығу тақырыптары қозғалды.

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сессия отырысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы өңірдегі ауыл шаруашылығын дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, сала жетістіктерін бөлісті.

Түркістан облысы аграрлық өңір, өйткені агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30% құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар 1 млн астам халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары саланың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. Соңғы 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд АҚШ жеке инвестиция тартылды. Дегенмен қазір әлемде халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жаңа форматта дамыту өзекті мәселеге айналды, - деді ол.

Осыған байланысты әкімдік бірінші кезекте келесі бағыттарды дамытуға мүдделі:

  • Ғылыми негізделген рентабельді дақылдарды енгізу есебінен ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру;
  • Суармалы суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу;
  • Бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған қайта өңдеу саласын дамыту.

Айта кетейік, облыс үлесіне республиканың суармалы жерлерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика халқын отандық өніммен қамтамасыз етудегі облыстың үлес салмағы жоғары. Облыс үлесіне өндірілген шикі мақтаның 100%-ы, жүзімнің 74% -ы, бақша дақылдарының 59% -ы, жемістердің 35% -ы, жүгерінің 25% -ы, көкөністердің 23% -ы тиесілі. Облыста жылыжай шаруашылығы (1640 га) және қарқынды бау-бақша шаруашылығы (5,6 мың га) жүйелі түрде дамып келеді.

Жыл сайын облыста 3,0 млн тоннадан астам көкөніс және бақша дақылдары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі.

Мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Республикада облыс үлесіне ірі қара мал басының 14%-ы, ұсақ малдың 23%-ы, жылқының 11%-ы, түйенің 14%-ы, өндірілген еттің 11%-ы және сүттің 12%-ы тиесілі. Сондай-ақ, облыс үлесіне елден экспортталатын ірі қараның 85%-ы, қой етінің 60%-ы тиесілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама