×

Ұлытау облысында Қытай компаниясы зауыт салуы мүмкін

Бүгінде шетелдік инвестормен келіссөз жүріп жатыр

 Дәурен Ерболат 20.11.2023 | 18:29
Фото: esalmaty.kz

Ұлытау облысында Қытай компаниясы 1 млрд долларға зауыт салуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі орташа айлық жалақы 471,3 мың теңге болған. Бұл – орташа республикалық деңгейден 1,3 есе жоғары,

Инвестиция ағынын арттыруға мүмкіндік беретін тетіктердің бірі, бес жылдық мерзімге арналған кешенді даму жоспарын қабылдау болды. Кешенді жоспарды іске асыру басталғаннан бері облыс экономикасына 247 млрд теңге тартылды. Кешенді жоспардың орындалуы тұрақты бақылауда. 2027 жылға қарай экономикаға 1,4 трлн теңге, оның ішінде 1,2 трлн теңге жеке инвестиция тартылады. Экономиканы әртараптандыру бағыттарының бірі инвестициялық қызмет болып саналады. Негізгі капиталға инвестиция салу 1,2 есеге өсіп, шамамен 153 млрд теңге болды, - деді Берік Әбдіғалиұлы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімі өңірде жаңа өнеркәсіп нысандары іске қосылып жатқанын атап өтті.

«Жылына 2 млн дана кірпіш шығаратын зауыт іске қосылды. Бұрын өңірде мұндай кіршіп зауыты жұмыс істеген. Соңғы уақытта бүкіл кірпішті Қарағанды облысы мен оңтүстіктен таситынбыз. Бұл құрылыс метариалдары мен үйдің қымбаттауына әкелді. (Кірпіш зауытының іске қосылуы құрылыс материалдары) бағасының 20 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы инвестиция көлемі 10 млрд теңгеден асатын 3 нысанды іске асыру жоспарланып отыр. 2027 жылға дейін 2 мың жаңа жұмыс орнын құрумен 760 млрд теңге сомасына 15 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптастырылды», - деді ол.

Берік Әбдіғалиұлы облыста мыс, алтын, цинк, марганец кен орындары жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Осыған қарамастан әкімдік агроөнеркәсіп және жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асырмақ. Бүгінде қытайлық инвесторлармен келіссөз жүргізілуде.

Аталған жобалар жел, күн электр станцияларын салуға қатысты. Ендігі жылы 70 млрд теңгеге Қытай инвесторлармен келісіп, жел электр станциясын салу жоспарда бар. Сондай-ақ алдағы 2-3 жылда Power Construction Corporation of China компаниясының өкілдерімен келісіп, өңірде 1 млрд долларға жел электр станциялары мұнараларының металл конструкциясын шығаратын зауыт салу жоспарланып отыр. Бұл жоба да өңіріміздің дамуына оң әсерін тигізуі керек, - деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама