×

Протекционизм – өзін-өзі асырай алатын елдердің ғана қымбат ләззаты

ҚҚС-ты 16%-ға дейін көтеру бюджетке, бизнеске және халыққа қалай әсер етеді?

 Айнұр Шошаева 12.11.2023 | 14:14
фото: барлық элемент freepik.com-нан

Қазақстан Үкіметі 2025 жылдан бастап қосымша құн салығын (ҚҚС) 12-ден 16% көтеруді жоспарлап отыр. Halyq Uni биліктің бұл қадамы бизнес пен қарапайым қазақстандықтарға қалай әсер ететінін саралап көрді.  

Соңғы жолдауында президент Тоқаев протекционистік саясатты ұстанып, отандық бизнесті қолдау мәселесін айтқан болатын. Шетелдік өндірушілер мен олардың тауарларына талапты барынша күшейтуді тапсырды. 

Қыркүйек айында Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексінің жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатын жариялады. Құжаттың логикасынан Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін ұлғайтуды, сондай-ақ бизнестің осы салықты төлейтін айналым шегін төмендетуді жоспарлап отырғаны белгілі болды. Нақты айтсақ, ҚҚС мөлшерлемесін 2025 жылдың басына қарай қазіргі 12%-дан 16%-ға дейін көтеру көзделіп отыр.  

Елімізде 12%-дық мөлшерлеменің қолданылып келе жатқанына 10 жылдан асты. Қазақстанда ҚҚС 28% бастапқы мөлшерлемемен 1992 жылы енгізілді. Содан бері мөлшерлеме тек төмендеп келіп, соңғы рет 2009 жылы 12% деңгейінде тұрақтаған.

Биліктің ҚҚС мөлшерлемесін көтерудің ұтымдылығын айғақтайтын дәлелі екі алғышартқа негізделген. Біріншісі – Қазақстандағы ҚҚС мөлшерлемесі әлемдегі ең төмен мөлшерлемелердің бірі саналады. Екіншісі – салық жинау деңгейінің төмендігі.

Шынымен де кейбір елдермен салыстырсақ, біздегі мөлшерлеме төмен саналады. Мысалы, Ресей, Беларусь пен Арменияда 20%, ЭЫДҰ елдерінде 27%-ға дейін жетеді. Ал іргеміздегі Өзбекстан мен Қырғыз Республикасында 12% деңгейінде. Сондай-ақ Қытайда – 13%, БАӘ мен Канадада – 5%. Алайда экономикасы қуатты саналатын АҚШ пен Жапонияда бұл салық мүлде жоқ.

ОТАНДЫҚ ӨНДІРІС ИМПОРТТЫҢ КЕСІРІНЕН ӨСПЕЙ ОТЫР МА?

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12-ден 16% көтерілген жағдайда бюджетке қосымша 2-2,4 трлн теңге түсетіндігін алға тартып отыр. Яғни, осылайша бюджетті толтыру ойы бар.

Қазақстан экономикасы мұндай маңызды қадамға дайын ба? Оған экономикасы дамыған, өзін-өзі қамти алатын елдердің тәсілі – қарапайым тілмен айтсақ, қымбат ләззат. Алда-жалда ҚҚС көтеріліп, сырттан келетін тауар қымбаттады делік. Ол қымбат болды екен деп, қазақстандық бизнес өндірісті көбейтіп жібере ала ма?

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сенсек, Қазақстан азық-түлікпен өзін 85% ғана қамтамасыз ете алады. Мысал ретінде сүтті алайық. Нарығымыздың сәл ғана бөлігі отандық сүт-айранмен қамтылған, ал майдың 77,8%-ы, ірімшік-сүзбенің 49,6%-ы импортқа тәуелді. ҚҚС көтерілсе, елімізде бұл өнімді өндіретін кәсіпорындар артып, тауар көбейеді дегенге сену қиын. Себебі ауыл шаруашылығында дайын өнім шығаруға ең басты кедергілердің бірі – шикізаттың жетіспеушілігі. Мысалы, Tyson Foods секілді ірі азық-түлік компаниялары осы себепті Қазақстанда өндіріс аша алмай отыр, яғни сапалы шикізаттың жоқтығынан, сырттан келетін импорттық тауарлармен бәсекелесе алмай қаламыз деген қауіптен емес. 

ЖИНАЛҒАН ҚОСЫМША САЛЫҚ ҚАЙТАДАН ХАЛЫҚҚА ТАРАТЫЛАДЫ

Енді салықтың көтерілуі тауар құнының қымбаттауына әкеледі. Тауар қымбаттағанда инфляция көтерілетіні айтпаса да түсінікті.

Былтырдан бері салыстырмалы түрде айтқанда инфляцияны біртіндеп, яғни 20-дан 11%-ға дейін (2023 жылғы қазанда жылдық есепте 10,8% құрады) әупірімдеп жүріп түсіре алдық. Үкіметке биыл 12 есе қысқарту міндеті жүктеліп отыр. Ал ҚҚС көтерілгеннен кейін тауар тағы қымбаттайды. Бұл инфляцияға қосымша қысым болары сөзсіз. Тауар қымбаттап, инфляция күшейген кезде халықтың сатып алу қабілеті төмендейді.

Министрлік «ҚҚС көтерілсе, ел қазынасына 2-2,4 трлн түседі», – дейді. Алайда Қазақстан әлеуметтік мемлекет екенін ұмытпау керек. Инфляция болса, бюджет қызметкерлерінің жалақысы, мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік көмекті де көтеру қажеттігі туындайтын болады. Түптеп келгенде, салықтан түскен қаржының қызығын көре алмай, оны қайтадан халықтың бір бөлігіне таратып беруіне тура келеді. Ал тұтас халық қымбат баға мен инфляциямен қалады.

Министрліктің бұл бастамасына бизнес қоғамдастық мәз емес. «Атамекен» ҰКП ҚҚС көтеруге түбегейлі қарсы екенін айтып, дабыл қағып жатыр. Бұл – тауар мен қызмет бағасының өсуінен бөлек, бизнестің өзіне тікелей қысым.

Сондай-ақ салықтан жалтарып, бизнесті көлеңкелі жүргізіп жатқан кәсіпкерлер көбейеді деген де қауіп бар. Керісінше, ұлттық палата ҚҚС-ты қазіргі 12-ден 10%-ға төмендету қажет деген ұсыныс білдіріп жатыр. Бұл салық жинауды арттырып, қолма-қол ақшаның көлеңкелі ағындарын азайтады, яғни экономиканың өсуін жеделдетеді деп санайды.

Айта кетейік, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру Қазақстанды Орталық Азиядағы ең қолайлы салық режимі бар ел мәртебесінен айыруы мүмкін. Түптеп келгенде, бұл ұлттық экономиканың инвестициялық тартымдылығын әлсіретпей қоймайды.

Қалай болғанда да, ҚҚС мөлшерлемесін көтеру бюджетті көбейткенімен, сол ақша бәрібір халыққа тапатылады, сатып алу қабілеті өзгеріссіз қалады, себебі салықтың соңынан инфляция бірге өседі. Ал импортты азайтып, отандық өндірісті көбейту нәтиже береді деу – аңғалдық. Себебі протекционизм – өзін-өзі асырай алатын елдердің ғана қолынан келетін қымбат ләззат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама