×

Жолда қарапайым дәретхананың өзі жоқ – сенатор өңірдегі бизнестің дамуы туралы

Ол жазда 5,5 мың шақырым жол жүрген

 Дәурен Ерболат 10.11.2023 | 17:30
Фото: diapazon.kz

Сенатор Бибігүл Жексенбай Қазақстандағы республикалық жолдарда шағын және орта бизнес дамымай жатқанын, тіпті онда қарапайым дәретхананың жоқтығын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Қазақстан транзиттік әлеуеті тиісті деңгейде пайдаланылмай жатқанына қынжылды. Тіпті, өңірдегі кәсіпкерлерге жұмыс істеуге жағдай жасалмаған.

«Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанның транзинттік мүмкіндігін кеңейту, Еуропа мен Азияны қосатын географиялық жағдайымызды пайдалану керектігін айтты. Аталған мәселе көтеріліп, республикалық жолдар салынып жатыр.

Мен жазда 5,5 мың шақырым жолды жүріп өттім. Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында болып қайттым. Жол бойында ешбір шағын және орта бизнес өкілдері үшін жағдай жасалмаған. Шағын 1-2 кафеден басқа қарапайым дәретхананың өзі жоқ. Республикалық ірі жолдардың бойында шағын және орта бизнес үшін қандай мүмкіндіктер жасалып жатыр? - деп Бибігүл Жексенбай Сенаттағы Үкімет сағатында Ұлттық экономика министріне сұрақ қойды.

Сенатор Қазақстан жолдары арқылы өтетін шетелдік жүргізушілерге кәсіпкерлер қызмет көрсете алмай жатыр деген пікірде.

Шыны керек, Қытайдан қаншама көлік ағылып жатыр. Қазақстан арқылы Ресейге кетіп жатқан көліктер де көп. Бірақ дәл осы жолдағы жүргізушілерге қызмет көрсететін шағын және орта бизнес жоқтың қасы. Осы бағытта қандай жұмыстар істелуде? - деді депутат.

Әлібек Қуантыров мәселеге салалық министрліктер мен жергілікті әкімдіктер жауап беретінін жеткізді.

«Әрине, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту керек. Себебі, еліміз арқылы көп сауда жүріп жатыр. Транзиттік және экспорттық тарифтер есебінен Қазақстан бюджетіне қосымша қаражат түсуде.

Менің ойымша, бұл жағдай жолдағы шағын және орта бизнеске жаңа мүмкіндіктер береді. Бірақ бизнес те осыны ескеріп, жұмыс істеуі керек. Мемлекет өз тарапынан тиісті шараларды қабылдап жатыр. Алайда салалық министрліктер және әкімдіктер тарапынан тиісті инфрақұрылымды салып, әсіресе, шағын бизнеске жағдай жасауы керек, - деді Ұлттық экономика министрі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама