×

Қазақстан мен Оңтүстік Корея 1,5 млрд долларлық 5 жаңа инвестициялық жобаны іске асырады

Қазір елімізде 700-ден астам кореялық кәсіпорын жұмыс істейді

 Динара Амантай 24.10.2023 | 09:09
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Оңтүстік Кореяның сауда министрі Ан Док Гын жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында премьер-министр Қазақстан Республикасының Үкіметі Оңтүстік Кореямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуда үлкен перспективалар көретінін атап өтті. Атап айтқанда, бұған тауар айналымының серпінді өсуі дәлел. Былтыр ол 2,3 есе өсіп, 6,1 млрд доллардан асты, ал биылғы 8 айда тағы 11% артты.

Өзара сауда номенклатурасын кеңейту үшін бірлесе іс-әрекет ету керек деп санаймын. Бұл жердегі маңызды құрал – Қазақстан-Корея сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия. Алдағы уақытта оның жұмысын жандандырып, кезекті отырысын өткізу қажет деп ойлаймын, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол Оңтүстік Корея еліміздің экономикасындағы ірі инвесторлардың топ-10-дығының қатарында екенін атап өтті. Атап айтқанда, соңғы 18 жылда Қазақстанға 9,2 млрд доларға жуық инвестиция тартылған. Ал былтыр Кореядан келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі 85% өсіп, жаңа рекордтық 1,5 млрд долларға жетті.

Премьер-министрдің айтуынша, қазір елімізде 700-ден астам кореялық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішіндегі ірі компаниялар – KIA, Hyundai, Samsung және LG.

Бүгінде жалпы құны 1,5 млрд доллар болатын 5 жоба іске асыруға дайын және жалпы құны шамамен 500 млн долларлық тағы 25 перспективалы жоба әзірленіп жатыр. Айқын мысал ретінде, Қостанайдағы жылына 70 мың автокөлік өндіруге қуаты бар, инвестиция көлемі 190 млн доллар жаңа ірі KIA зауытының құрылысын атауға болады, – деді Әлихан Смайылов.

Ол Қазақстан Үкіметі алдағы уақытта да инвесторлардың елімізде жайлы жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдайды жасайтынын айтты.

Өз кезегінде Ан Док Гын Оңтүстік Корея Қазақстанмен экономиканың әртүрлі саласы бойынша белсенді технологиялық ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. 

Қазақстандағы KIA зауыты сияқты жобалардың маңызы зор. Егер ол сәтті іске асырылса, Қазақстанның автомобиль өнеркәсібі үлгіге айналмақ. Бұл басқа да осындай зауыттар мен өндірістердің құрылысына ықпал етеді, – деді Оңтүстік Кореяның сауда министрі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама