×

Қытайлық инвесторлар Ұлытау облысынан зауыт ашуға ақша құятын болды

Жылына 15 мың тонна өнім өндірмек

 Еркеғали Болатұлы 23.10.2023 | 15:45
фото: ortalyq.kz

Ұлытау облысының Ұлытау ауданы Жезді кентінде кремний зауыты салынады. Жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы іскерлік байланыс негізінде іске асырылмақ.

Осы мақсатта қытайлық инвесторлар кенді өлкеге келді. Академик Қаныш Сәтбаевтың басшылығымен ІІ Дүниежүзілік соғыс жылдары марганец кен орнын жедел игеру қажеттілігіне байланысты іргесі қаланған Жезді кенті аудан орталығы да болған еді.

Жезді ауданының таратылуына байланысты өнеркәсібі тұралап қалған кентте кремний зауытының салынуы өлке экономикасының жаңа тынысын ашқандай болды.

Зауыт салу идеясы ауыл ақсақалдарымен бірге қоғамдық тыңдауда талқыланды. Оған жергілікті билік өкілдері мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Аманбек Сүлейменов, жаңадан ашылатын «Ұлытау кремний» ЖШС-нің директоры Ғалымжан Даржанов, сонымен қатар серіктестіктің инженер-технологы Шао Ханминг пен қаржылық директоры Ми Ронг та қатысты.

Бұл кәсіпорын Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа жоба болады және өндіріс орнының ашылуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосады деп сенім білдіріп отырмыз. Жаңа зауыттың құрылысын бастауға рұқсатты халық береді. Біз сіздердің келісімдеріңізге байланысты әрекет ететін боламыз, – деді Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек.

Зауыт жобасын кент тұрғындары бірауыздан қолдады. Тек экологиялық проблемалардың тумауына баса назар аударуды сұрады. Инвесторлардың айтуынша, жұмыс барысында қоршаған ортаға шаң-тозаң, зиянды қалдықтар бөлінбейді. Өйткені зауытқа шаңды фильтрлеу жүйесі орнатылады. Өндіріс қалдықтарын іске асыру үшін болашақта цемент, кірпіш зауытын салу да жоспарланған.

Жобаның жалпы құны – 7,5 млрд теңге. Оның 80 пайызын біз, 20 пайызын Қытайдан келген серіктестеріміз береді деп жоспарланған. Мақсатымыз – осы аймақта кремний зауытын салу. Жылына 15 мың тонна өнім өндірмекпіз. Кремнийді шикізат күйінде өндіріп, оны дайын өнім күйінде шығарғымыз келеді, – деді «Ұлытау кремний» ЖШС-нің директоры Ғалымжан Даржанов.

Жиында Қытайдан келген инженер-технолог Шао Ханминг зауыт салуға рұқсат берілсе, 200-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғандарын айтты.

Қытайдан 40-қа жуық маман шақыртамыз, 160 орын жергілікті тұрғындарға беріледі. Қытайлық мамандар жаңа технологияны үйрету мақсатымен келеді. Зауыттың арнайы кеңсесі мен қызметкерлерге арналған жатақханасын да салу жоспарланған, – деді Шао Ханминг.

Аудан прокуроры Рахымжан Көшкінбайұлы өз кезегінде екі ел азаматтарының жалақысы тең болуы керектігін және зауыт құрылысының заң шеңберінде іске асуын қадағалайтынын жеткізді. Аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова шетел азаматтарының Қазақстанда жұмыс істеуі үшін Үкімет тарапынан арнайы квота бөлінетінін, оны алу біршама уақытты қажет ететін жұмыс екенін айтты.

Сонымен, Жезді кентіндегі жаңа зауыттың құрылысы келесі жылы аяқталып, 1 тамызында іске қосылады деп жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама