×

Қарағанды облысында әкімдіктің кесірінен 112,5 млрд теңгенің жобасы тоқтап тұрған

Уәкілетті органдар инвесторлармен тиісті түрде жұмыс жүргізбейді

 Еркеғали Болатұлы 23.10.2023 | 14:33
фото: youtube.com

Қарағанды облысында инвестор прокуратура араласқаннан кейін құны 112 млрд теңгеден асатын жобасын іске асыра бастады, деп хабарлады облыстық прокуратура.

Қарағанды облысында 401,4 млрд теңгенің 36 инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. Алайда уәкілетті органдардың инвесторлармен тиісті түрде жұмыс жүргізбейтіні, олардың заңды құқықтарының бұзылатыны анықталды.

Мысалы, KyzylArayCopper ЖШС-нің инвесторы 700 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, құны 112,5 млрд теңге болатын «Алмалы-2» тау-кен өңдеу кешенінің құрылысы» жобасын қолға алған.

Жобаны іске асыру барысында инвестор шаруа қожалықтарымен келісімге келе алмағандықтан, ауыл шаруашылығы жерлері арқылы өтетін электр желілерін салуды ұзақ уақыт бастай алмаған. Іске асырылып жатқан жобаның маңыздылығына қарамастан, жергілікті атқарушы орган мәселені шешуге ешқандай шара қолданбаған, - дейді прокурорлар.

Ол аздай, Шет ауданының әкімі «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңның талаптарын бұзып, ЖШС-мен ынтымақтастық туралы меморандум бекіткен және онда инвесторға ауыртпалық түсіретін міндеттемелерді қарастырған.

Қарағанды облыстық прокуратурасы араласқаннан кейін меморандумның күші жойылды. Жер пайдаланушылармен келісімге қол жеткізілді. Осылайша, электр желілерінің құрылысы басталды, - деп атап өтті ведомстводағылар.

Прокуратура инвесторлардың өтінішіне жедел ден қою мақсатында фронт-кеңсе құрылғанын және Қарағанды облысы прокуратурасының мобильді тобы тәулік бойы (байланыс телефоны +7 778 099 91 11) жұмыс істейтінін еске салды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама