×

Болашақ криптовалютада: Астанада бас қосқан халықаралық инвесторлар цифрлық келешек туралы айтты

Болашақта кей мемлекеттер биткоинға көшуі мүмкін

 Бауыржан Мұқанов 13.10.2023 | 16:42
Фото: Halyq Uni

Астанада өтіп жатқан Digital Bridge форумына әлемнің 15 елінен 250-ден астам спикер қатысып жатыр. Одан бөлек 300-ден астам стартапшы мен 100-ден астам инвестор арнайы келген. Іс-шараға бас-аяғы 20 мыңнан астам адам қатысып жатыр.

Спикерлер арасында Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпер, AT ICPC президенті Билл Поучер, BARRAT MEDIA, LLC директоры Джеймс Баррат, ТikTok CEO-сы Чжоу Шоуцзы, META компаниясының қорғаныс инженері Ренато Лима, MICROSOFT компаниясының вице-президенті Антонио де Палмас қатысты. 

Форумда жасанды интеллект, венчурлік инвестиция, электронды сауда, қаржы технологиясы тақырыптарымен қатар криптовалюта мәселесі де сөз болды.

Форумды ашқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есептеуіш орталықтардың қуатын арттыру қажеттігін баса айтты.

Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллектіге маманданған дата-орталықтардың құрылысын жүргізуді тапсырамын. Бұл іске Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты әлемге танымал компанияларды тартуға болады. Жақында Нью-Йорк қаласына жасаған сапарымда аталған компаниялардың басшыларымен кездестім. Тиісті уағдаластықтарға қол жеткіздік. Сонымен қатар жасанды интеллектіге арналған деректер экожүйесін дамыту маңызды. Шын мәнінде, жасанды интеллектінің «қорегі», қозғаушы күші – үлкен деректер қоры. Қазақстанда осы салада түрлі шешімдер жүзеге асырылды, - деді президент.

Мемлекет басшысы форум аясында Draper Fisher Jurvetson компаниясының тең құрылтайшысы және Дрейпер Университетінің негізін қалаушы Тим Дрейпермен кездесті. Кездесу барысында венчурлық капитал мен стартаптар индустриясын дамыту мәселелері, сондай-ақ  алдағы жоспарлар мен ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды.

Тим Дрейпер өз компаниясының венчурлық капиталды дамытуда бай тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Draper Fisher Jurvetson компаниясы Орталық Азия өңіріне, атап айтқанда, Қазақстан нарығына зор қызығушылық танытып отырғанын жеткізді.

Форумда сөз сөйлегенТим Дрейпер криптовалютаның халыққа, жалпы экономикаға пайдасы туралы айтты.

Банктен есепшот ашу үшін бегілі бір мөлшерде қаражат жұмсалады. Банктер де кейбір азаматтарға шот ашуға құқылы емес. Өйткені реттеушінің бақылауы қатаң. Тиісінше, банкте шоты жоқ азаматтар биткоин арқылы өзінше экономикасын құрып жатыр, - дейді Тим Дрейпер.

Тим Дрейпердің пікірінше, болашақта орталық банктер азайып, биткоинды ресми пайдаланатын мемлекеттер көбеймек.

Биткоин пайдаланғанда салықтан жалтара алмайды, төлемдер автоматты түрде жасалады. Осы себепті де менің биткоин туралы пікірім айтарлықтай оптимистік тұрғыда, - дейді спикер.

Сонымен қатар, Тим Дрейпер не себепті кей криптовалюталардың сұранысқа ие болмай қалғанын айтты.

Кейбір криптовалюталар өміршең бола алмады, өйткені олар орталықтандырылған еді. Олар бір адамға байланған болатын. Ұлттық валюталар да орталықтандырылған. Тиісінше, саяси күштерге тәуелді. Биткоин орталықсыздандырылған, ашық және транспарент. Әр адам әлемдегі кез келген транзакцияны көре алады. Жалпы, биткоин біздің өмірімізді айтарлықтай жақсарта алар еді, - деп қорытындылады сөзін Тим Дрейпер.

Мемлекет басшысы сонымен қатар форумға келген TikTok компаниясының бас директоры Шоу Чумен, SpaceX компаниясының Starlink мәселелері жөніндегі вице-президенті Лорен Дрейермен, Presight (G42) компаниясының басқарма төрағасы Томас Прамотедхам кездесті. 

Президент елімізде TikTok платформасының танымалдылығы артып келе жатқанын атап өтті. Қазір оған 10 миллионнан астам қазақстандық тіркелген.

Қазақстан SpaceX корпорациясын өзара тиімді ынтымақтастық орнату үшін сенімді серіктес ретінде қарастырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Лорен Дрейермен кездесуде айтты. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама