×

«ЭксонМобил» компаниясы Қазақстанның мұнай-газ саласына 28 млрд доллардан астам инвестиция салды

Үкімет бірлескен жоспарларды іске асыру шеңберінде компаниямен сындарлы диалогқа әрқашан ашық

 Динара Амантай 05.10.2023 | 09:05
Фото: primeminister.kz

Кеше премьер-министр Әлихан Смайылов «ЭксонМобил» компаниясының аға вице-президенті Джон Уиланмен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тараптар болашақта Теңіз кен орнында сағалық қысымды кеңейту және басқару жобаларын іске асыруды, Қашаған кен орнын одан әрі игеру жоспарларын, сұйытылған мұнай газын ішкі нарыққа жеткізу және газ бөлу кешенін салу мәселелерін талқылады.

Үкімет басшысы ірі мұнай-газ жобаларындағы жергілікті қамтуды арттыру экономиканың базалық салаларын дамытудың негізгі факторларының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты ол операторлардың қажеттіліктері үшін өнім шығаруға мүдделі жергілікті өндірушілермен өзара іс-қимылды нығайтуға шақырды.

Бұл қазір импортталатын бірқатар мұнай-газ машинасын жасау өнімдеріне деген қажеттілікті өтеуге мүмкіндік береді, – деді Әлихан Смайылов.

Жалпы, премьер-министр Үкімет бірлескен жоспарларды іске асыру шеңберінде компаниямен сындарлы диалогқа әрқашан ашық екенін атап өтті.

Өз кезегінде Джон Уилан «ЭксонМобил» Қазақстанда өз өкілдігін ашқан шетелдік халықаралық мұнай компанияларының арасында алғашқылардың бірі болғанын еске салды.

Бүгінде біз республикаға 28 млрд доллардан астам инвестиция салдық, бұл бізді ең ірі шетелдік инвесторлардың біріне айналдырады. Қашаған, Теңіз және Каспий құбыры консорциумы сияқты ірі жобалардағы бұрыннан келе жатқан серіктес бола отырып, біз екіжақты байланыстарымыз бен стратегиялық серіктестігімізді одан әрі нығайта түсеміз деп үміттенеміз, – деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама