×

Министрлікте ауылдарды дамыту мәселесімен үш-ақ адам айналысады – депутат

Бүгінде ондағы үйлер тозып жатыр

 Дәурен Ерболат 26.09.2023 | 17:22
Фото: Halyq Uni

Ұлттық экономика министрлігінде ауылдарды дамыту стратегиясымен штатында 3 адам ғана бар басқарма айналысады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айутынша, өңірлерді аралау кезінде сайлаушылар ауылдардағы тұрғын үй инфрақұрылымы мәселесін бірнеше рет көтерген.

Бүгінде қазақстандықтардың 40%-ы ауылда тұрады. Ондағы тұрғын үй қоры тозып жатыр. Статистика бойынша ауылдағы тұрғын үй қоры – 141,2 млн м2 немесе 1,8 млн тұрғын үй. Оның 50%-ға жуығы 40 жыл бұрын пайдалануға берілген, - деді депутат Мәжілістің комитет отырысында.

Мәселені шешудің бір жолы – жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы. Алайда ол проблеманы толық шешпеуі мүмкін.

«Оны іске асыру үшін 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жобасында әкімдіктер жалдамалы тұрғын үй сатып алуға және салуға 229,1 млрд теңге бөлді. 66,8 млрд теңге сомасында (шамамен 7 мың пәтер) қаржыландыру алдын ала мақұлданды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ауылдық елді мекендер мен шекаралас аймақтарда сатып алу құқығынсыз жалдамалы тұрғын үй құрылысына басымдық беріледі деп сендіріп отыр», - деді Айдарбек Қожаназаров.

Сондай-ақ депутат ауыл-аймақтарды дамыту стратегиясына да тиісті көңіл бөлінбей отырғанын жеткізді.

Ұлттық экономика министрлігінде бұл мәселемен штатта 3 адам ғана бар бір ғана департамент айналысады. Халықтың мәселесімен осы «керемет үштік» айналасады. Олар неге үлгереді? Қабылданған Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасында нақты жұмыс істейтін тетіктер қамтылмаған. Біз бұл құжатты мұқият зерттедік. Ол декларативті, қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілмейді, ауыл тұрғындарының нақты қажеттіліктерін ескермейді. Осыған байланысты Үкіметке ұсыным шеңберінде ауылды дамыту мәселелерін Ауыл шаруашылығы министрлігіне жүктеп, онда ауылдарды дамытудың бірыңғай стратегиясы ретінде қарастыруды ұсынамыз, - деп түйіндеді ол сөзін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама