×

Жыл соңына дейін үй бағасы 10-15% өседі – сарапшылар

Күз басталғанда баспана нарығы қайта жанданып жатыр

 Ербол Тұрымбет 14.09.2023 | 12:13
Коллаж: Halyq Uni

Сарапшылардың пайымынша, үй бағасы жыл соңына дейін өседі. Тек бұрындары жылына 30%-ға дейін өсіріп келсе, енді 10-15% шамасында қымбаттауы мүмкін. Себебі, құрылыс компаниялары болсын, пәтер иелері болын, бәрібір өз бағасынан төмен сата алмайды. Компаниялардың біразы онсыз да алдыңғы жоспарлаған бағасынан төмен беріп жатыр.

«ЕЛОРДАДАН БӘРІ ДЕ ҮЙ АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ»

Жылжымайтын мүлік академиясының директоры Ұлпан Смайылованың айтуынша, жыл сайынғы жаздағы стагнация сезілгенімен, күзге салым нарық жандана түскен.

2025 жылға дейін мораторий жариялануына байланысты жұрт қазір сатып алып қалу керек екенін түсінеді. Соған байланысты да сұраныс туып отыр, - дейді ол.

Соңғы уақыттары елдің сатып алу мүмкіндігі азайғаны белгілі. Бірақ, маманның айтуынша, құрылыс компаниялары да түрлі бөліп төлеу жолдарын ұсынып, жеңілдіктер мен акциялар ұйымдастырып жатыр. Тіпті, бастапқы жарнасын 10% көлемінде ғана төлеп алуға да болатын құрылыс компаниялары бар. Кей компания 30%-ын төлетеді де қалғанын бөліп төлейтін кесте ұсынады. Сөйтіп, нарық та қазіргі жағдайға байланысты ыңғайлана бастаған.

Ал «Отбасы» банкінің жұмысы қайта қаралып, енді облыс орталықтарына басымдық берілуі ірі қалалардағы жағдайға қалай әсер етуі мүмкін?

Бағдарлама әлі жоспарланып, енді жасалып жатыр. Дегенмен, жұрт кез келген жағдайда ірі қалаға, астанаға балаларын жіберіп, өздері де көшкісі келеді. Бұл бүкіл елде болатын жағдай. Оның үстіне, қаламыз да жас, өсіп жатыр. Сондықтан елордада әрдайым сұраныс болып тұрады, дейді сарапшы.

«7-20-25» бағдарламасы қысқарып, оның үстіне инфляцияның өсуінен жұрттың баспана сатып алуды азайтқаны ресми статистикадан белгілі. Алайда Ұлпан Смайылованың сөзінше, елордада шын мәнінде ондай көрініс жоқ.

Жыл басынан бастап күзге дейін біршама стагнация болғаны рас. Алайда бағаның көтерілуі бізде ғана болып жатқан жоқ. Нарық қазір керісінше, оянып келеді. Сондықтан қыркүйекте сауда артығымен жүреді деген ойдамын. Тамыздың өзінде шілдеден едәуір асып түсті, - дейді сарапшы.

Қазақстан өз-өзін реттеуші риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың айтуынша, пәтер бағасы жыл басында өсуін жалғастырып, мамырға қарай тұралап, тіпті төмендей бастаған. Сөйтіп, ай сайын 1,7%-ға дейін түсіп отырған. Сөйтіп нарық тоқырап, баға тұрақты төмендейтін болған.

Дегенмен, оның сөзінше, жыл соңына дейін мәмілелер саны айына 33-36 мың деңгейінде тұрақты болып қалуы мүмкін. Әйтсе де елдегі инфляция қарқыны мен мемлекеттің нарықты ұстап тұруға бағытталған шараларына байланысты бағалар аздап ауытқуы да ғажап емес.

Оған қоса, нарықты тұралатпайтын тағы бір фактор бар. Қазір кез-келген үй салынған уақытына немесе дәрежесіне қарамастан бәрібір сұраныста бола береді. Себебі, пәтерді инвестиция ретінде пайдаланатындар көп. Оны құр актив қылып ұстап отыратындар да бар. Одан бөлек, қайта сатып пұл жасап немесе жалға беріп отыру да пайда көзіне айналған.

СТАТИСТИКА НЕ ДЕЙДІ?

Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұрғын үй нарығында бір жылда (2022 жылғы тамызға қарағанда биылғы тамызда) жаңа тұрғын үйлер бағасы 4,4% өскен. Ал қайта сату бағасы 2,9% төмендеді.

Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтау – 18%, Семей – 16%, Павлодар 15,5% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (15,5%) қалалары.

Бір айдың ішінде (2023 жылғы тамыз 2023 жылғы шілдеге қарағанда) жаңа тұрғын үй баға өзгеріссіз қалды, пәтерлерді қайта сату 1,8% төмендеді.

Ал еліміздегі негізгі баспана саудасы алаңы саналатын Krisha.kz сайтының талдауына қарағанда, тамызда қайталама тұрғын үй нарығындағы ұсыныстың орташа бағасы шілдемен салыстырғанда 1% төмендеген. Мониторинг мәліметтері бойынша 17 қаланың 12-сінде орта есеппен 2% шамасында түскен.

Сайт сараптамасына қарағанда, шаршы метрдің орташа бағасы Алматыда 703 мың теңге, Астанада – 474 мың теңге, Шымкентте – 420 мың теңгеге бағаланады.

Жыл басындағы көрсеткіштермен салыстырсақ (2022 жылдың желтоқсанына қарай), ұсыныстың орташа бағасы 1,2%-ға төмендеген. Жалпы мұндай кері динамика 15 қалада байқалған. Арзандау көрсеткіші 0,4%-дан 6%-ға дейін барады. Ал өсім тек Алматы (+0.7 %) мен Ақтауда (+6.1%) ғана. Астанада ұсыныс бағасы сегіз ай ішінде 2% төмендеген болып шықты.

Оған қоса, Krisha.kz сараптамасы бойынша, жеңілдетілген ипотеканың болмауы, коммерциялық банктердегі ипотеканың жоғары мөлшерлемелері және «Отбасы» банкіндегі несие саясатының қатаңдауы да әсер етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама