×

Экспортты ілгерілету үшін жаңа агенттік құрылады

Ол экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды іске асырады

 Дәурен Ерболат 13.09.2023 | 16:28
Фото: kapital.kz

Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы Қайрат Төребаев Қазақстанда жаңадан құрылатын экспорттық-кредиттік агенттіктің қалай жұмыс істейтінін түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бұған дейін президент Жолдауында экспортты ігерілету үшін KazakhExport базасында экспортты дамыту институтын құруға тапсырма берген.

Депутаттар мақұлдаған құжат жаңадан құрылатын экспорттық-кредиттік агенттіктің (ЭКА) арнайы құқықтық мәртебесін анықтауды көздейді.

Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссия жоба тұжырымдамасын мақұлдады. Ресей, Венгрия, Аустралия және Үндістандағы экспорттық-кредиттік агенттік тәжірибесіне талдау жүргізілді, ол экспорттық операцияларды сақтандыруды, қайта сақтандыруды, кепілдендіруді және қаржыландыруды іске асырады, - деді Қайрат Төребаев.

Ол ЭКА құру барысында аналогті үлгіде сақтандыру, қайта сақтандыру, кепілдік беру, уағдаласқан салымдар, субсидиялау, яғни өзге компаниялардың функцияларымен қайталанбайтын функцияларды қарастыру ұсынылатынын жеткізді.

Министрдің міндетін атқарушы жаңа агенттік құрылса, мынадай нәтиже болуы мүмкін екенін айтты:

  • 2025 жылға қарай 41 млрд долларға дейін шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемінің өсуі туралы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы индикаторына қол жеткізіледі.
  • Қазақстанда алғаш рет заманауи экспорттық-кредиттік агенттік құрылады.
  • Операциялық қызметке араласпастан, Үкіметке және мүдделі мемлекеттік органдарға ЭКА есеп беру және бақылауында болу механизмдері құрылады.

Оның пікірінше, аталған заң жобасы арқылы ЭКА құқықтық мәртебесін көздеу ұсынылады,

Осылайша, шикізаттық емес экспортты дамыту мен ілгерілетуде ұлттық институт мәртебесін иеленетін, Үкіметінің шешімі бойынша айқындалатын заңды тұлға ұғымы түсіндіріледі, - деді ведомство басшысының міндетін атқарушы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама