×

«Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл ел көруі қажет – Тоқаев

Жобаның арқасында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды

 Динара Амантай 01.09.2023 | 12:24
Фото: t.me/aqorda_resmi

«Қарызсыз қоғам» жобасының арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан аса адам қаржылық сауатын арттырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президенттің айтуынша, елде макроэкономикалық саясат қайта іске асырылуы қажет.

Экономика салаларындағы реформаларды табысты іске асырудың міндетті – шарты макроэкономикалық тұрақтылық. Бұл – аксиома. Қаржы, салық-бюджет және ақша-несие саясатын үйлестіруді жолға қою қажет. Экономиканың өсуін шектейтін негізгі проблема – инвестициялардың жетіспеушілігі. Инвестициялардың тапшылығы болашақта өсудің болмауына тең. Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар ЖІӨ-нің 15% -ын ғана құрады. Бұл – көбінесе отандық банктердің экономиканы дамытуға аз қатысуының салдары, – деді президент.

Сонымен бірге ол мұндай ахуал Үкіметті тікелей қаржыландырумен, кепілдік және субсидия берумен айналысуға мәжбүрлейтінін жеткізді.

Бұл тәсіл тиімсіз, көп қаражатты талап етеді әрі нарықтық экономика қағидаларына қайшы келеді. Сонымен бірге нақты секторға берілетін кредит азайып жатқанда банктер тұтыну несиесімен әуестеніп кетті. Осы жағдай қаржы жүйесіне төнетін сын-қатерлердің көбеюіне және азаматтардың шектен тыс қарызға батуына әкеп соқтырды, – деді мемлекет басшысы.

Бұған қоса Қасым-Жаомарт Тоқаев 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз несиесін кешіру туралы шешім және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң мәселені біршама реттегенін атап өтті.

Бірақ ахуалды біржола түзеу үшін жаңадан жүйелі шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар азаматтардың қаржы сауатын арттыру өте маңызды. Бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өту қажет. Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «Amanat» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет, – деді президент.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама