×

Қазақстанның экономикасы жарты жылда 5 пайыз өсті

Мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден аса кіріс кірген

 Динара Амантай 12.07.2023 | 10:50
Фото: gov.kz

Үкімет отырысында еліміздің биылғы қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 5%-ды (нақты сектор – 4,8%, қызмет көрсету саласы – 4,9%) құрады.

Барлық негізгі сала оң динамиканы көрсетіп отыр. Ең жақсы көрсеткіш құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат пен байланыс салаларында тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 13%-ды құрады. Алдын ала жасалған қорытынды бойынша қаңтар-мамыр айларында сыртқы сауда айналымы 8% өсіп, 55,8 млрд доллар болды. Мемлекеттік бюджетке 9,2 трлн теңгеден аса кіріс түскен (жоспар 102,3%-ға орындалған). Атап айтқанда, республикалық бюджет 6,1 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 3,1 трлн теңгеге толықтырылды. 6 айдың қорытындысы бойынша барлық негізгі макрокөрсеткіштердің өсуі Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында тіркеліп отыр.

Өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында төмендеп кеткен. Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында негізгі капиталға салынған инвестициялардың төмендеуі байқалып отыр.

Аталған өңірлер жыл аяғына дейін жағдайды түзетуге тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы осы жылдың соңына дейін экономиканың ең кемі 5% өсуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты экономиканы әртараптандыру және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажет.

Тағы бір аса маңызды міндет – бағаның өсуін тежеу. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жарты жылдың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық көрсеткіші 14,6%-ға дейін төмендеді.

Біздің алдымызда осы жылы инфляцияны 2 есе төмендету міндеті тұр. Бұл біздің бәрімізден үйлесімді және жүйелі жұмысты талап етеді. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инфляцияны жоспарлы мәнге дейін төмендету шараларын қамтамасыз етуі қажет, – деді премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама