×

Қауын-қарбызын сата алмаған шаруаларға «Алтын орда» базарынан тегін орын берілді

Олар жергілікті ауылдық округ әкімдігінен алған анықтамасын Алматыға алып баруы қажет

 Еркеғали Болатұлы 10.07.2023 | 12:24
фото: ашық дереккөз

Әлеуметтік желіде Түркістан облысы диқандарының қауындарын сата алмай, малға беруге мәжбүр болып жатқаны туралы бейнежазбалар тараған еді. Содан кейін жетісайлықтардың жанайқайына жергілікті әкімдік құлақ асып, өз өнімдерін Алматыдағы «Алтын орда» базарында делдалсыз сатуға арналған тегін орын белгіленгенін мәлімдеді.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың тікелей тапсырмасымен Алматы облысының сауда департаменті және Алматы қаласында орналасқан «Алтын орда» базары басшыларымен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін өз өнімдерін қала тұрғындарына делдалсыз сатуға арналған арнайы тегін орын белгіленді, - делінген хабарламада.

Ол үшін бақша дақылдарын өсіруші шаруалар жергілікті ауылдық округ әкімдігінен анықтама алып, соны Алматыға өздерімен бірге алып баруы қажет.

Анықтама алу үшін шаруа ауылдық округ әкімі аппаратына мына құжаттарды көрсетуге тиіс:

  • Шаруа қожалығының тіркеу туралы куәлігі (патент);
  • Шаруа қожылығы басшысының жеке куәлігі;
  • Өнімді алып баратын шаруа қожалығы өкілінің жеке куәлігі;
  • Алматы қаласына өнімді аппаратын көліктің тіркеу туралы куәлігі (техпаспорт).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама