×

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жағдай жанармай тапшылығын тудырмайды – Смайылов

3 шілдеде Маңғыстау атом электр комбинатының №1 энергия блогының жұмысы тоқтатылды

 Дәурен Ерболат 04.07.2023 | 10:41
Фото: anpz.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстанның батысында жарық өшіп, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жұмыстың тоқтағанына қарамастан елде жанармай тапшылығы болмайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Үкімет отырысы батыста болған төтенше жағдайдан басталды.

Кеше Ақтау қаласындағы Маңғыстау атомэнергетикалық комбинатында №1 энергоблок апатты жағдайда тоқтап қалды. Соның кесірінен автоматты қорғау жүйесі іске қосылып, Маңғыстау және Атырау облыстары электр энергиясынан ажыратылды. Бірқатар кәсіпорын – оның ішінде «Атырау мұнай өңдеу зауытына» электр қуаты берілмей қалды, - деді Әлихан Смайылов.

KEGOC басқарма төрағасы Қаныш Молдабаев жағдайды баяндады.

«Сағат 9-да Атырау энергия торабы бойынша шектеу жоқ. Маңғыстау энергия торабы бойынша 65 мегаватт көлемінде өнеркәсіптік тұтынушыларға шектеу сақталып отыр. Бұл шектеулер электр энергиясының тапшылығымен байланысты. Өйткені, MAEК ЖЭО-да 140 мегаватт қуаттылығы бар №1 блок өшірілген күйінде қалды. Өтінім жұмаға дейін сақталады.

40 сағатқа санкциялық бұғаттауды қосу салдарынан қуаты 220 мегаватт болатын ГТС КУС генерациясы толық өшті. Өтінім ертеңгі сағат 12:00-ге дейін сақталады. Бүгінде электр тұтынудың өсуі кезінде Орал – Атырау – Маңғыстау транзитінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеу үшін қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін», - деді басшы.

Молдабаевтың айтуынша, электр стансаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін батыстағы электр стансаларының жүйелік реттегіштерін тексеріп, конфигурациялау қажет.

Батыстағы электр стансаларын тұрақты жұмысын қамтамасыз ету керек. Осыған байланысты KEGOC компаниясы батысты электрмен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін қолданыстағы қосалқы станцияларды 220 киловольтқа кеңейтіп, ұзындығы 770 шақырым болатын 220 киловольт екінші транзит құрылысын, 220 киловольт бір тарату қосалқы станциясын салуды аяқтайды.

Нәтижесінде транзиттің өткізу қабілеті Орал – Атырау учаскесінде 100-ден 200 мегаватқа дейін, Атырау – Маңғыстау учаскесінде 50-ден 200 мегаваттқа дейін ұлғаяды. Маңғыстау бағытында 130-дан 200 мегаваттқа дейін Атырау бағытында болады. Бұл жоба бойынша жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр, - деді басқарма төрағасы.

Үкімет басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жағдай жанармай тапшылығы тудырмайтынын атап өтті.

«Ақтаудағы энергиялық комбинатта апатты жағдайдан автоматты қорғау жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда энергиямен қамтамасыз ету қалпына келтірілуде. Бұл аймақтардың энергия жүйесі батыс энергетикалық торабымен біріктірілген.

Атырау мұнай өңдеу зауыттарында ақаулар анықталған жоқ. Зауыттың жұмысын қауіпсіз тоқтату үшін дер кезінде шаралар қабылданды», - деді премьер-министр.

Оның айутуынша, бүгінде зауыт басқа кәсіпорындар сияқты жұмысын қалпына келтіріп жатыр.

Ешқандай да жанар-жағармай тапшылығы болмайтынын баса атап өткім келеді. Қолда бар отын қоры бүкіл республикаға жетеді. Барлық мұнай өңдеу зауыттарын тоқтату туралы алыпқашпа әңшімелер шындыққа жанаспайды. Жағдай бақылауда, - деді үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама