×

«Өздерінен сұрағым келіп отыр»: Зеленскийдің санкциясына іліккен қазақстандық компанияның иесі түсініктеме берді

«Тыныс» АҚ-ның 2 млрд теңге несие берешегі бар

 Ербол Тұрымбет 03.07.2023 | 12:06
Коллаж: Halyq Uni

Украина президенті Владимир Зеленский санкция салған қазақстандық компания туралы Жұмабай Әміржановтан сұрап білдік. Ол 2023 жылдың 10 мамырында «Тыныс» АҚ-ның 100% жай акцияларын «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясынан сатып алу құқығын иемденген.

Оның айтуынша, компанияның 100% акциясын сатып алды деген қате түсінік.

Үкіметтің жекешелендіру науқанының аясында біз акцияларын сатып алу үшін ашық конкурсқа қатысып, ұтып алдық. Бірақ бұл 100% акциясын сатып алдық деген сөз емес. Анығын айтсақ, акцияларын иемдену құқығын ұтып алдық. Ол 3 жылға есептелген. Қазір тек алғашқы жарнасын төледік. Тек үш жылдан кейін ғана өтеді. Онда да олардың қойған барлық талабын орындауымыз керек. Мысалы, жұмысшылардың штат саны мен жалақысын сақтау, 3 жыл бойы жүретін акциялардың құнын төлеу кестесі бар. Сондықтан, әлі бізге өткен жоқ, біз ол компанияда ешкім емеспіз. Оның иесі әлі сол «Қазақстан Инжиниринг», – дейді ол.

Одан бөлек, 2 млрд теңгедей несие берешегі бар болып шықты.

Енді санкция салынғаннан кейін акцияларын сатып алу шарасы әрі қарай да жалғаса бере ме? Жұмабай Қабенұлы сол сұрақтарды сатушы тарапқа қойғысы келетінін айтады.

Осы жағдайды ести сала бірден соларға шықтық. Қалай болғаны сонда, қалайша бізді тығырыққа тіреп қойдыңыздар? Біз ол компанияға кірмей жатып проблемалары шығып жатыр. Ресей мен Беларусьқа оқ өтпейтін кеудеше сатты деп санкция салған екен. Бірақ компаниядағылар ондай болмаған деп жатыр. оқ өтпейтін кеудешелерді бір кездері шығарыпты, онда да тек мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарына ғана, яғни, ІІМ, Қорғаныс министрлігі сынды салаларға өндірген. Сондықтан, бұл жерде түсініспеушілік болған сияқты, – дейді ол.

Ал акциялар пакеті толық иелікке өткеннен кейін қорғаныс саласынан тіпті алшақтайтынын айтты. Сондықтан министрлік пен «Қазақстан Инжиниринг» жағдайды түсіндіріп, ресми түрде мәлімдеме жасауын күтіп отыр.

Жұмабай Әміржанов екі рет Көкшетау қаласы мәслихатының, одан соң екі рет Ақмола облысы мәслихатының депутаты болған.

Айта кетейік, 1 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский 291 компания мен 190 жеке тұлғаға бесжылдық санкция салған еді.

Санкцияға іліккен компаниялардың арасында Ресей мен Беларусьтан бөлек Грузия мен Қазақстан өкілдері де бар. «ИТС – Astana» ЖШС және «Тыныс» АҚ Украинадағы соғыс жағдайларына байланысты санкция салынған алғашқы қазақстандық компаниялар болып отыр.

Айта кетейік, «Тыныс» АҚ 2003 жылдан бері «Қазақстан инжиниринг» компаниясына тиесілі. 2012 жылдан бастап Қорғаныс министрлігіне, Ұлттық ұланға арнап оқ өткізбейтін кеудеше, соққы тойтаратын қалқан жеткізіп беріп отырған.

Ал «ИТС – Astana» елімізде дәнекерлеу жабдықтарын, құрамдас бөліктерін, сондай-ақ қосалқы бөлшектерінің негізгі жеткізушісі болып табылады. Ол ресейлік «ИТС» компаниялар тобына кіреді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама