×

Қазақстанның мемлекеттік борышы: Әлихан Смайылов депутаттарды алаңдамауға шақырды

Премьер-министр алдағы 5 жылда уайымдауға негіз жоғын айтты

 Дәурен Ерболат 20.06.2023 | 16:16
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде екенін айтып, депутаттарды сабырлы болуға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Парламенттің бірлескен отырысында депутат Анас Баққожаев үкімет басшысына сұрақ қойды.

- 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қарызды басқару тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай мемлекеттік борышты өтеуге және қызмет көрсетуге арналған шығындар жалпы бюджет шығынының 10%-нан аспауға тиіс.

2022 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш – 7%, ақшамен салғанда 1,3 трлн теңге. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 320 млрд теңгеге көп. Осы уақытқа дейін алынған қарыздарды қайтаруға арналған қаражатты ескерсек, осы мемлекеттік борышты өтеуге, оған қызмет көрсетуге арналған шығыстардың жалпы жиынтығы – 2,9 трлн теңге. Бұл шығыс бөлігінің – 15,5%.

Ұлттық қордан түсетін трансферттерді ескермегенде, бұл мемлекеттік кірістің 25,2%-ы.

Осыған байланысты Әлихан Асханұлы, мемлекеттік борыштың көлемін азайту үшін қандай шараларды қолданып жатырсыздар?

Сондай-ақ мемлекеттік борышқа байланысты орташа және ұзақ мерзімдегі перспективалар бойынша болжам қандай?, - деді ол.

Премьер-министр мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты наразарында екенін атап өтті. Оның пікірінше, саладағы жұмыс халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.

- Қазір борыш қауіпсіз деңгейде. Ол жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 24,7%. Мемлекеттік борышты азайту және оған байланысты бюджет шығыстарын азайту мәселесін шешу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдап жатыр.

Біріншіден, республикалық бюджеттің тапшылығын жалпы ішкі өнімге 2,7%-дан кезең-кезеңімен ары қарай төмендету. Ол жаңа қарыздарды алуға және шығыстардың өсуіне шектеуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, бюджеттің өз кірісін ұлғайту. Ол үшін салықтық және кедендік әкімшілендіру жетілдіріледі, цифрландыру жалғасады.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің өз кірісі 42%-ға өсті. Биылғы өсім 40% болады деп жоспарлап отырмыз. Осындай жоғары қарқынды әрі қарай қамтамасыз етуіміз керек.

Үшіншіден, қарызды негізінен ішкі нарықтан теңгемен алуға басымдық беріп отырмыз. Ол валюталық тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу. Соның негізінде халықаралық депозитарийлерді тарту. Ол бізге шетелдік инвесторларды кеңінен ішкі қор нарығына тартуға мүмкіндік береді және қарыз алудың құнын төмендетеді.

Жалпы алдағы 5 жылда мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалыптасады. Жалпы ішкі өнімге 25%-дан аспайды деп болжап отырмыз, - деп сөзін түйіндеді Әлихан Смайылов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама