×

Мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайтуға 108 млрд теңге бөлінді

Салада барлығы 102 инвестициялық жоба іске қосылды

 Динара Амантай 13.06.2023 | 16:16
көрнекі фото: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын одан әрі дамыту шаралары қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің баяндауынша, қазір еліміздің АӨК жалпы өнімінің шамамен 40%-ы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі. Талдау нәтижелері саланың тұрақты қарқынмен дамып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Малдың барлық түрі тұрақты өсіп жатыр. 2022 жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой 4,8%-ға, жылқы 10,5%-ға, түйе 6,5%-ға, құс саны 4%-ға өсті.

Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсіп жатыр. Қазіргі мемлекеттік қолдау шаралары мал шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығын сақтауға мүмкіндік берді. Өткен жылы инвестиция көлемі 67%-ға артып, 117,5 млрд теңгеге жеткен. Барлығы 102 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында мал шаруашылығын субсидиялау тетігін одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бақылаушы органдардың ескертулері назарға алынып, субсидиялау қағидаларынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар алып тасталды. Сонымен қатар ветеринария жүйесін реформалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Премьер-министр мал шаруашылығы Қазақстан үшін ауыл шаруашылығының негізгі және дәстүрлі салаларының бірі екенін атап өтті. Сондықтан мемлекет тарапынан салаға елеулі түрде қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, мал басын және мал шаруашылығы өнімдерін ұлғайту үшін биыл 108 млрд теңге бөлініп отыр.

Бұл шаралар мал басы мен құс санының өсуіне, мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне оң әсерін тигізеді. Нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша осы салаға құйылған инвестициялар көлемі 67%-ға өсті, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, мал шаруашылығы саласының әлеуметтік маңызы бар бірқатар өнімі бойынша импортқа тәуелділік айтарлықтай төмендеді. Мәселен, импорт сүт өндірісі бойынша 45%-дан 39%-ға дейін, құс етінің өндірісі бойынша 51%-дан 32%-ға дейін төмендеді.

Оған қоса мал шаруашылығы өніміндегі отандық өндірістің үлесін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірқатар проблемалық мәселені шешу қажет. Мысалы, жемшөп өндірісі бойынша.

Үкімет басшысының айтуынша, ауыспалы егістегі, бірінші кезекте суармалы жерлердегі жемшөп дақылдарының үлесін кеңейту жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Сондай-ақ Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының желісі бойынша Қазақстан ұзақ уақыт бойы аусылдан таза мәртебесін ала алмай жүр.

 Бұл жұмысты биылғы мамыр айында аяқтау жоспарланған болатын. Бірақ ол уақытылы жүргізілмеді. Сондықтан халықаралық ұйымнан мақұлдау алынған жоқ. Бұл отандық мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу географиясын кеңейтуге, оны өндіруді ынталандыруға мүмкіндік бермейді, — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министрдің пікірінше, бұл – ветеринарлық қызметтің әлсіз жұмысының дәлелі.

«Халықаралық озық тәжірибені ескере отырып, оның қызметін қайта қарау қажет», — деді Үкімет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама