×

Қазақстанда бизнеске барынша жағдай жасалады – АХФ

Президент елге молынан инвестиция тарту жұмысы жалғасатынын айтты

 Дәурен Ерболат 08.06.2023 | 12:06
фото: akorda.kz

Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасалады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бұрыннан шығыс пен батыстың, солтүстік пен өңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады.

«Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында.

Президент қазіргі геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда экономикалық локомотив қызметін атқарып отырғанын атап өтті.

Біз шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырамыз және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасаймыз, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы форумда шетелдіктерді Қазақстанға инвестиция салуға шақырды.

«Мысалы, Қытайды Еуропалық Одақпен байланыстыратын орта дәліз немесе Транскаспий халықаралық көлік бағыты сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұл бағыт тауарды Үнді мұхиты арқылы тасымалдау мерзімін 2 есе қысқартады.

Сондай-ақ экономикалық дамуға және өңірішілік бірігуге ықпал ететін «Бір белдеу – бір жол» бастамасында Қазақстан басты рөл атқаратынын атап өткім келеді», - деді Тоқаев.

Одан бөлек, Қазақстан мемлекеттер мен адамдар арасындағы физикалық байланысты нығайтуға, серіктес әрі дос ретінде қоғамдастықтар арасындағы байланысты күшейтуге тырысады.

Осы факторлардың барлығын ескеріп, бүгінде Қазақстан жаһандық, шын мәнінде, сенімді сауда-экономикалық серіктес екенін айта аламыз, - деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама