×

Астанада жаңа үйлер инженерлік желілерге қосыла алмай жатыр – Құрылысшылар одағы

Бүкіл құрылыстың 80%-ы рұқсатсыз салынып келеді

 Ербол Тұрымбет 29.05.2023 | 08:58
Фото: Halyq Uni

Елде бүкіл құрылыс саласы тұралап, тіпті рецессияға ұшырап жатыр. Құрылысшылар одағының мәлімдеуінше, құрылыс қарқынының төмендеуінің негізгі себебі, сұраныстың азаюынан. Себебі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы мен мемлекеттік субсидиялау бағдарламасының ауқымы тарылды. Ол сұранысты азайтады.

Қазақстан құрылысшылар одағының мүшесі Вячеслав Лазаревтің айтуынша, Астанадағы жағдайға сұраныстың төмеуінен бөлек, тағы бір мәселе ықпал етіп тұр. Жаңа жобаларға қаланың магистралды инженерлік-инфрақұрылымдық желілеріне қосылуға мүмкіндік жоқ. Соның салдарынан қазір жаңа нысандардың техникалық шартын алуға мораторий қойылған. Сондықтан қазір елордада компаниялар нысандарын жобалап, сараптамадан өткізе алмайды.

Ал сосын халық оның керіс әсерін де сезінеді. Одақ өкілі жыл соңына қарай немесе келер жылдың басында құрылыс нарығында ұсыныс саны күрт азаятынын айтады. Ол әлбетте, баспана бағасын бірден көтереді.

Жалпы Қазақстанда, оның ішінде Астанада да құрылыс нысандарының шамамен 80%-ы рұқсат құжаттарынсыз әрі үлескерлердің қаржысын тартуға лицензия алмастан салынады. Қазір сол заңға сай жұмыс істемейтін компаниялардан инвестиция мен тұтынушылар көп кетіп жатыр. Оның ақыры, бірқатар құрылыс компаниясы мен салынып жатқан нысандар қаражат жөнінен қиындықтарға тап болған, – дейді ол.

Қауымдастық өкілінің сөзінше, енді сол компаниялар тұтынушыны қалайда қызықтыру үшін демпинг жасап әлек. Осыған байланысты, сатып алушыларды өте сақ болуға шақырады. Әсіресе, үлескерлердің ақшасын жинайтын болса, алдымен құжаттарына толық көз жеткізген дұрыс. Өйткені үй бітпей қалуы да мүмкін.

Құрылыс қарқынының бәсеңдеуіне келсек, бұл жағдай Астанада қатты байқалады. Алматыда да баяулағанын көріп отырмыз. Яғни, мұның бәрі сұраныстың аздығы ғана емес, инженерлік инфрақұрылымның дамуына келіп тіреліп тұр. Оның қасында қазір өңірлерде көп салынып жатыр. Тіпті, республикалық ірі қалаларға қарағанда, оларда құрылыс динамикасы әлдеқайда жақсы, – дейді.

Одақ өкілінің сөзінше, нарықтағы осы жағдайлардан соң көп компания стратегиясын қайта қарап, құрылыс нысандарын азайтпақ. Ал ол сөзсіз жұмыссыздықты көбейтеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко сауданың тұралауынан жақын арада құрылыстың біразы тоқтап қалуы мүмкін екенін айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама