×

Құрылыстың біразы жақын арада тоқтап қалуы мүмкін – Қазақстан риэлторлары қауымдастығы

Елімізде ипотекаға сұраныс азайса да баспана бағасы түспей тұр

 Ербол Тұрымбет 25.05.2023 | 09:57
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, биылғы 4 айда 4,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй, оның ішінде 36 595 жаңа пәтер пайдалануға берілген. Былтырғы төрт айға қарағанда жалпы тұрғын үй көлемі 19,9% артық болса, пәтерлер саны 26,4% көбейген.

Есесіне, ипотекаға деген сұраныс күрт азайған. Былтырғы төртінші тоқсанмен салыстырғанда биылғы бірінші тоқсанда ипотекаға өтініш беру көрсеткіші 224 мыңнан 194 мыңға азайған. Ұлттық банк мәлімдеуінше, оның себебі, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен бөлінген қаражат лимитінің тез бітіп қалуынан.

Ендеше, жаңа үйлерде пәтер бағаны неліктен арзандамай тұр?

Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығының президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненконың айтуынша, ипотекаға деген сұраныстан бөлек, алдымен баспана нарығында не болғанын бағамдап алу керек. Өйткені сарапшылар мен мамандардың саланың толық тұралап қалғанын бірнеше айдан бері талқылап жатыр.

Әуелгі 3-4 айда аздаған өзгеріспен сол қатқан қалпында тұрды. Сәуірде аздап жанданғанын көрдік. Оған депозиттерге 10% өтемақы беру әсер етті. Ал жаңа үйлердің бағасы неге түспей жатыр дегенге келсек, алдымен құрылыс материалдарының әлі де өсіп жатқанын түсінуіміз керек. Сондықтан құрылысшылар қазір осы тығырықтан қалай шығудың жолын іздеп жатыр, – дейді сарапшы.

Себебі, оның сөзінше, құрылыс компанияларының көбінде сауда тоқтап қалған. Олар үшін бағаны түсірудің де қажеті жоқ немесе түсіретін мүмкіндігі жоқ. Маржасы да көп емес. Өйткені құрылыс бір-екі айдың шаруасы емес, жылдарға созылады. Сондықтан компаниялар қазір сауданы жандандырудың түрлі жолдарын қарастыруға көшкен.

Бірден бір механизмі кем дегенде құрылыс біткенге дейінгі бөліп төлеу мүмкіндігі. Өкініштісі, құрылыс компаниясының бәрі бірдей олай істей алмайды. Сондықтан менің ойымша, құрылыстың біразы жақын арада құр тоқтап қалатын сияқты. Сол үшін үй сатып алатындар алдымен қай құрылыс компаниясымен қандай келісімшарт жасасып жатқанын түгел тиянақты бағамдап, салмақтап алғаны дұрыс. Компанияның репутациясы мен тәжірибесіне, осыған дейін қанша үй салып бітіргеніне де қарау керек, – дейді Нина Лукьяненко.

Айта кетейік, Бірінші несие бюросының дерегінше, елімізде мамырдың басындағы мәлімет бойынша 500 мыңнан адам ипотекамен тұрып жатыр. Қазір ипотеканың жалпы портфелі 5,9 трлн теңгені құрайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама