×

Қазақстанға агробанк қажет пе?

Барлық тәуекелді бір себетке жинау салаға салдарын тигізуі мүмкін

 Дәурен Ерболат 11.05.2023 | 16:45
Фото: businessinfo.cz

Елімізде жаңа агробанк құру орынсыз. Бұл туралы Ұлттық банк қаржы ұйымдарын дамыту департаментінің директоры Батырхан Иралимов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Агробанкті құру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Ұлттық банк өз ұстанымын айтқан. Ашығын айтқанда, салалық банкті құру орынсыз. Практикада мұндай банктер болған. Алайда ол сәтті жұмыс істемеген.

Біз барлық қолдау шарасын қолданыстағы даму институттары арқылы мемлекеттік, бюджеттік бағдарламалар шеңберінде іске асыруға болады деп санаймыз. Агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) тәуекелі жоғары болып саналады. Сондықтан барлық тәуекелді бір банкте шоғырландыру орынсыз», - деді директор Сенатта өткен дөңгелек үстелде.

Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов та Ұлттық банктің позициясын қолдайтынын түсіндірді.

«Есімде, осыдан 10-20 жыл бұрын Агробанк мәселесі көтерілген. Оны құрғаннан қандай нәтиже күтеміз? Біз онда төмен ставка болады және кепілдік беру саясаты басқаша болады деп күтсек, ол дұрыс емес. Өйткені банк нарықтық жағдайда, нарықтық ортада жұмыс істеуі керек. Ол қаржыландырылуы шарт. Мемлекет оған жарғылық капитал берсе де, оның нарықта қор жинайтыны анық. Қазіргі нарықтағы ставкалар бойынша қор жинайды.

Алайда ауқымды деңдейде, барлық сала үшін Агробанк құрып, жұмыс істейміз деп айту қиын. Себебі әріптесімнің пікірімен келісемін. Агробанкті құру тәуекелдерді бір себетке жинауды білдіреді. Мұндай банктің ұзақ мерзімде тұрақты жұмыс істеуі күмән туғызады, - деді министрдің орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама