×

Маминнен Көлгіновке дейін: Астанада 17 жыл бұрын басталған нысанның құрылысы әлі аяқталмаған

1,5 шақырымдық желінің құрылысы 2006 жылы басталды

 Айнұр Шошаева 26.04.2023 | 10:37
Коллаж: Halyq Uni

Астана қаласының №1 индустриалды паркінде 2006 жылы басталған инфрақұрылым бүгінге дейін аяқталмай жатыр. Соның салдарынан парк аумағындағы өндірістік кәсіпорындардың су мен электр желілері жиі істен шығады, деп хабарлайды Halyq Uni

Қалалық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясында Астананың арнайы экономикалық аймақтары қаралды. 

Бүгінде қалада екі арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді: «Астана – жаңа қала» (2027 жылға дейін) және «Астана технополюс» (2042 жылға дейін) аймақтары. Бұл екі компанияның басқарушы компаниясы – «Астана инвест» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы.

«Астана – жаңа қала» АЭА аумағына әкімшілік орталық пен №1 индустриалдық парк кіреді. Индустриалдық парктің өнеркәсіптік объектілерінің инвестициялық портфелі 95 жобадан тұрады. Инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Рахымжановтың мәліметінше, бұл жобалардың жалпы құны  241,5 млрд теңге болған, алайда іс жүзінде 184 млрд теңге салынған. 50 жоба пайдалануға беріліп, 5733 тұрақты жұмыс орны ашылды. Алдағы 3 жылда іске қосылатын 45 жоба іске асырылу сатысында тұр, олардың  жалпы құны 75,5 млрд теңгені құрайды, бүгінде 15,3 млрд теңге салынған. Құрылған уақыттан бастап индустриалды парктегі өндіріс көлемі 5 трлн теңгеден, экспорт көлемі 100 млрд теңгеден асты. Қазір ол елдегі 13 АЭА-нің 23 пайызын құрайды. 

«2023 жылы 33,6 млрд теңге сомасына 6 жоба пайдалануға берілді. 2022 жылы 28,3 млрд теңге сомасына 6 жоба қосылды. Биылғы жылы 400-ден астам жұмыс орнын құрумен 16,8 млрд теңге сомасына  жоба іске қосу жоспарланып отыр», – деді басқарма басшысы. 

БЕСҚОНАҚ КЕЗІНДЕ ЗАУЫТТАРДЫ СУ БАСТЫ

№1 индустриалдық паркте ұзақ жылдар бойы шешілмей келе жатқан проблема бар. Атап айтқанда, ол қажетті инфрақұрылымның болмауы. Жалпы парктің толыққанды инженерлік құрылымын 3 жекелеген кезек бойынша іске асыру көзделген болатын. Бірінші кезек 2006 жылы басталған, онда ұзындығы 1,5 км желісі бар жол салынуы керек еді. Алайда 17 жыл бұрын басталған бұл жұмыс әлі аяқталмады, тазарту құрылысына арналған 7 трансформаторлық қосалқы стансаның құрылысы біткен жоқ. Екінші кезек 2008 жылы басталған: Ақбұлақ өзені арнасы арқылы су өткізу құрылысын салу жоспарланды. Бұл жұмыс та әлі бітпеді. Үшінші кезек 2016 жылдан бастап іске асырылып жатыр. Іске қосылуы тиіс 6 кешеннің 4 жүзеге асырылды, 2 аяқталмаған. 

Бұл кезектердің аяғына дейін салынбауынан желілерді қазірдің өзінде пайдаланушы ұйымдардың балансына беру мүмкін болмай отыр. Бұл өз кезегінде желілердің тозуына және одан әрі пайдалануға мүмкін болмауына алып келеді. Сонымен қатар инженерлік желілер бойынша проблемалар жобалардың іске қосылуына да, қолданыстағы жобалардың жұмыс істеуіне қиындық туғызып отыр, – деді Халел Рахымжанов. 

Оның айтуынша, парк аумағындағы шаруашылық кәріздерінің құрылысы да аяқсыз алған. Бүгінде 27,9 км кәріз желісі қажет. 

«Сонымен қатар қолданыстағы желілерге жөндеу мен қалпына келтіру жұмыстарын қажет етеді, бірақ қазір біз оны істей алмаймыз. Су өткізу құрылыстарының проблемасы бар. Мәселен, ВМП зауыты (өнеркәсіптік мақсатта қолдануға арналған лак-бояу материалдарының заманауи өндірісі) жаңбыр жауған сайын судың астында қалады. Соңғы бесқонақтың кезінде зауытты су басып кетті», – деп толықтырды басқарма басшысы. 

Сонымен бірге, ол электрмен жабдықтандыру мәселесіне тоқталды. Индустриалдық парк аумағыг 100 пайыз қамтамасыз етілгенімен жыл сайын су тасқыны кезінде көптеген электр құрылғылары су астында қалатынын айтады. Оның себебін трансформаторлық шағын станса әу баста дұрыс құрылмағанымен түсіндірді. 

Су тасқыны кезінде зауыт электрсіз қалады. Магистралдық желілер толық салынғанымен оны толығымен пайдалануға болмайды. Проблемалық желілер бойынша шешім қабылдау үшін алдымен техникалық аудит жүргізіміз керек. Аудит нәтижесі болмай пайдалансақ, көптеген қаражат қажет болады, ал біздің компаниялардың оған шамасы жетпейді, – деді Рахымжанов. 

Айта кетейік, бұдан бөлек қалада №2 индустриалды паркті салу көзделіп отыр. Бүгінде жоба шеңберінде әзірленген техникалық-экономикалық негіздеме бар. Бастапқыда ондағы инфрақұрылымның құны 143,8 млрд теңге болады деп жоспарланған, қазір оны 88,9 млрд теңгеге түсіру көзделіп отыр. 

МЕРДІГЕРЛЕР ЖИІ АУЫСҚАН

Қалалық Отын-энергетикалық кешені басқарма басшысының орынбасары Бағдат Байсыдықовтың мәліметінше, соңғы 6 жылда индустриалдық парк аумағында электр, су, кәріз желілерін салу бойынша жұмыс істелмеген.  «Біздің алдымызға осы жылдары қойылған басты мақсат – индустриалдық паркті жылумен қамтамасыз ету болды. Парктегі барлық нысанды жылумен қамтамасыз еттік. Биылғы жылы жүктеліп отырған міндет осы уақытқа дейін салынған жолдар, су, кәріз, электр желілерін пайдаланушы ұйымдарға беру», – деді ол. 

Сондай-ақ инфрақұрылымды жүргізу жұмыстарының не себепті аяқталмай қалғанын түсіндірді. 

Парк аумағына инфрақұрылым негізінен жүргізілген. Тек кейбір учаскелердің жұмысы аяқталмаған. Оның басты себебі - мердігерлер жиі ауысты. Аяқталмаған учаскенің бірінде «Альянс строй инвест» компаниясы 2006 жылы бастаған. 2010 жылы бұл компаниямен келісім-шарт жойылды да, орнына «ҚарГерСтрой» компаниясы келеді. Ол компания келіп, уақыт өте келе жобалық-сметалық құжаттаманың ескіруіне байланысты жобаны түзету жұмыстары басталып, 2014-2015 жылға дейін жалғасты. Алайда 2018 жылдан бастап бұл компанияның қаржылық жағдайы нашарлап, жұмыстар атқарылмады, – деп қосты Бағдат Байсыдықов. 

Бұған дейін атап өткеніміздей, қаладағы арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын «Астана инвест» қалалық инвестициялық ахуалды дамыту орталығы қадағалайды. Алайда, ұйымның өткізетін іс-шараларына бөлінетін қаражат пен оның игерілуі күмәнді. Мекеменің мәліметінше, биыл қалада 11 жоба пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның жалпы құны 16,8 млрд теңгені құрайды, нәтижесінде 400-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. 

Еске сала кетейік, қаңтар айында Астананың экономикалық-әлеуметтік дамытуына қатысты өткен жиында Президент Тоқаев АЭА тиімділігін сынаған болатын. Президент сынынан кейін, оның тиімділігін арттыру үшін «Астана инвест» Индустрия министрлігімен  бірлесіп, арнайы жол картасын  әзірленген. Онда іске асырылмай жатқан жобалардың игерілмеген жерлерін қайтарып, кейін әлеуетті инвесторларға беру, жер телімдерін жоғары технологиялық және импорт алмастырушы өнімдерді өндіретін кәсіпорындарға беру көзделіп отыр. 

Айта кетейік, №1 индустриалдық парк ашылған уақыттан бері Астана 6 әкім ауысқан. Алайда қаладағы ірі өндірістік кәсіпорындар орналасқан парктегі инфрақұрылымды шеше алмады. Бүгінде олардың дені мемлекеттік жоғары лауазымды атқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама