×

Формалды фестивальдер: Astana Invest орталығы 408 млн теңгені тиімсіз пайдаланған

Компания жұмысынан 13,6 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды

 Айнұр Шошаева 21.04.2023 | 11:28
коллаж: Halyq Uni

Елорданың инвестицияларды дамыту орталығына жүргізілген мемлекеттік аудиттің нәтижесінде 408,5 млн теңге мемлекет активтерін тиімсіз пайдаланғаны анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni

Астана қаласы бойынша тексеру комиссиясының мәліметінше, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС  серіктестіктер туралы заңның және мекеме жарғысының нормаларын бұзған.

Сондай-ақ қалаға келген туристерге арнап жасаған сайттар тиісті деңгейде жұмыс істемегені белгілі болды. Меселен, visitastana.kz, astanacb.kz сайт беттерін әртүрлі тілдерге аудару бөлігі дұрыс жұмыс істемейді, бұл шетелдік туристердің елорда  туралы  ақпаратпен танысу үшін маңызды функция.

Елордада туристер үшін тартымдылықты арттыру мақсатында өткізілетін Astana Food Fest, Astana Muz Fest фестивальдері формалды  орындау тәуекелдеріне ұшырайды, өйткені оның нәтижелері бұдан әрі қолданылмады және елорданың туристік саласының дамуына нәтижесіз әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл іс-шараларды жергілікті жерлерде жұмыс істейтін қоғамдық тамақтандыру базалары жүргізеді, – деді тексеру комиссиясы. 

Бұған қоса, компанияның бухгалтерлік есебінің деректері бойынша 13,6 млн теңге жарғылық капитал дұрыс көрсетілмеген. Мысалы, Сарыарқа ауданы әкімінің аппаратының балансына  берілген L6 модульдік блогының құны 13,6 млн теңгеге кемітілмеген. Әрі  аудит кезеңінде аяқталмаған құрылыс объектісін – Түркістан көшесі бойындағы желілік саябақта жер учаскесін пайдалану жөнінде шаралар қабылданбаған, бұл 92,7 млн теңге мемлекеттік мүлікті тиімсіз пайдалануға алып келді.  Мемлекеттік аудит серіктестік «бір терезе» қағидаты бойынша өзара іс-қимыл шеңберінде ұлттық компаниялардың атына өңірдің инвестициялық әлеуеті, инвестициялық ахуалы туралы талдамалық және ақпараттық материалдар ұсынбағанын анықтады. 

2021 жылы инвесторларды сүйемелдеу бойынша атқарылған жұмыстар туралы тоқсандық есеп жіберілмеген. Бұдан басқа, инвесторлар, инвестициялық жобалар, өндірістік алаңдар және әлеуетті инвесторлардың ақпараттық сұраныстары – IRM ақпараттық-мониторингтік жүйесі туралы толық, шынайы және өзекті ақпаратты қамтитын қазақстандық, шетелдік инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін бірыңғай ақпараттық алаңға қолжетімділік жоқ. Ауданы 3,5 га құны 315,8 млн теңге болатын  «Сервистік орталығы бар автобус паркі» инвестициялық жобасын «Falcon Euro Bus» ЖШС іске асыруға берілген жер телімдерінің мақсаты бойынша пайдаланылмайды, бұл тиімділік қағидатының сақталмауына әкелген», – деп қосты мемлекеттік орган. 

Бүгінде мемлекеттік меншіктен жер учаскелерін беру үшін инвестициялық жобаларды іріктеу өлшемшарттары жоқ.

«Құрылыстың аяқталмауына байланысты «Астана – жаңа қала» АЭА «Astana Invest» ЖШС атынан Басқарушы компания олардың балансына берілмеген инженерлік желілер мен ғимараттардың инфрақұрылымын толыққанды басқаруды және күтіп ұстауды қамтамасыз ете алмаған. Осылайша, АЭА учаскесінің инфрақұрылымының аяқталмауы жобалардың тоқтап қалуының және әлеуетті инвесторлар үшін тартымдылықтың негізгі себебі болып табылады. АЭА туралы заңнаманы бұза отырып, АЭА-ның 6 қатысушысы («DATKZ» ЖШС, «D-Park» ЖШС, «ASH PRO» ЖШС, «MED INFO SOFT» ЖШС, «БЕРЕКЕ СТРОЙ КЗ» ЖШС,  Ellington City Touris ЖК) жалпы сомасы 696 126,5 млн. теңге қаржылық қамтамасыз етудің  бар екенін растамаған», – деді тексеру комиссиясы. 

Аудит нәтижесі бойынша «Astana Invest» компаниясында 13,6 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар мен 408,5 млн теңге мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану фактісі анықталды. Тексеру комиссиясы тиісті органдарға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 5 факті бойынша 7 материал жолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама