×

ЖЭО-лар коммуналды қызметті қымбаттату есебінен жаңартылады

Биыл қабылданатын арнайы бағдарламада солай делінген

 Ербол Тұрымбет 18.01.2023 | 15:09
Коллаж: Halyq Uni

Энергетика министрлігінің мәлімдеуінше, мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында 2023 жылы «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңартылған бағдарламасын қабылдау мәселесі пысықталып жатыр. Сол бағдарламаның аясында генерациялау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру, сондай-ақ, кәсіпорын иелерінің жауапкершілігін бақылау мен арттыруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау көзделген. 

Әзірленіп жатқан механизмдер энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін реконструкциялау, жаңғырту және кеңейту мүмкіндігін қамтамасыз етуі және сол арқылы энергия жүйесі жұмысының сенімділігін арттыруы әрі 2035 жылға қарай энергия генерациясының тозу көрсеткішін кемінде 15% төмендеуін қамтамасыз етуі тиіс, – делінген ресми жауапта.

Одан бөлек, энергетикалық кәсіпорындарға өз активтерін дамыту үшін тарифтерден алынатын қаражаттан басқа, өз қаражатының бір бөлігін салу бойынша қарсы міндеттемелер енгізіледі. Сондай-ақ, жылу электр орталықтарының дұрыс жұмыс істеуі үшін министрлік тарифтерді ұлғайтуды көздеп отыр. Ол мүшкіл жағдайдағы нысандарды жаңғыртуға мүмкіндік беретінін айтады.

Сонымен қатар, Энергетика министрлігі жылу-электр энергетикасын дамыту, оларға қаржы бөлу және несие беру бойынша бірқатар бағдарламаның әкімшісі. 

Заң бойынша, коммуналдық меншіктегі сумен жабдықтау объектілерін, тазарту, дренаждық жүйелерді, кәріздік, жылу және электр желілерін құру және реконструкциялау республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандық не облыстық маңызы бар қала бюджеттері есебінен жасалады. Соған байланысты, жергілікті атқарушы органдар коммуналдық меншіктегі жылу электр орталықтарын жаңғырту, реконструкциялау, кеңейту үшін республикалық бюджетке өтініш бере алады. Ол өтініштерді осы энергетика министрлігі қарайды.

Айта кетейік, Энергетика министрлігінің мәліметінше, еліміздегі жұмыс істеп тұрған бүкіл ЖЭО-ның орташа жасы 61 жыл. Ең ескілері 30-жылдарға дейін барады. Олардың орташа тозу көрсеткіші 66%. Ал жылу желілерінің тозуы 73% болса, мамандардың айтуынша, өңірдегі желілердің 80%-ына дейін тозып тұр. 

2022 жылдың 27 қарашасы күні түнде қазандықтары істен шыққан Екібастұздағы ЖЭО да 1956 жылы салынған. Ал одан шығатын жылу желілерінің 91%-ы тозып кеткен. Осындай жағдайға жеткен кәсіпорынды «Павлодарэнерго» АҚ 2022 жылдың тамыз айында мемлекетке тегін бере салуға дайын екенін мәлімдеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама