×

Электр желілерінде апаттық жайттар 16% артқан –  «KEGOC»

Ал электр тапшылығын Ресей толтырып отыр

 Ербол Тұрымбет 12.12.2022 | 09:37
сурет: egemen.kz

«KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Қаныш Молдабаевтың айтуынша, компания ұлттық электр желілеріне қызмет көрсетеді. Бұл 27 мың шақырымды құрайтын 220-500 киловольттық жоғары және аса жоғары кернеуліктегі желілер.

2022 жылдың 7 желтоқсанында сағат 10:39-да еліміздің электр энергиясы жүйесіне Тәуелсіздік алғалы бергі ел тарихындағы ең жоғары рекордтық көрсеткіш – 16 459 МВт жүктеме түсті. Ұлттық электр желілері оны штаттық режимде ойдағыдай өткерді, дейді ол.

Бұл мақтанарлық жайт болғанымен, қиындықтар шаш етектен. Баспасөз мәслихатында Қаныш Молдабаев жыл басынан бері еліміздің электр станцияларында апаттық жағдайлар артқан айтты. Апаттық жағдайда электр қуаты берілмей, тоқтап қалған жайттар 16%-ға көбейген. Сол тоқтап қалған жайттардың ұзақтығы да 18,5%-ға да артқан.

Соның ішінде ең көбі ЖЭО-2 МАЭК-та апаттық жайттар 2021 жылға қарағанда 8 есе көбейген. Ал ЖЭО МАЭК-те 2,2 есе, Орал ЖЭО бу-газ қондырғысында 7 есе, Степногор ЖЭО-нда 2,2 есе және басқа да электр стансаларында артқан.

Сайып келгенде, қазір Қазақстанның өз электр генерациясы халық пен ел экономикасының қажеттілігін өтеуге шамасы жетпейді. Мысалы, кеше 8 желтоқсанда 16 мың МВт қолданылғанда генерация көлемі 14800 МВт қана болды. Жетпегенін Ресейден келетін электр ағынынан алдық, дейді Қаныш Молдабаев.

Оның себебі, компания басшысының сөзінше, Қазақстан электр станцияларындағы жөндеу жұмыстарының салдарынан генерацияның кемуі. Оның ішінде, блок электр станцияларында 800 МВт-қа, өңірлік электр станцияларында 600 МВт-қа азайған. 

KEGOC басшысының айтуынша, еліміздің электр станцияларындағы бекітілген электр энергиясы 24 мың МВт болса, нақты жұмыс істеп тұрған қуаты 14 мың МВт қана. Электр энергиясының жетіспеушілігін болдырмас үшін 2022 жылғы желтоқсанның алғашқы 8 күнінде Ресейден келісімшарттан тыс алынған электр қуатының көлемі 97 млн кВт/сағатқа жеткен.

Сондықтан, мынадай шараларды қолға алу керектігін айтады.

  • электр энергиясын Ресейден жоспарлы түрде импорттауды ұйымдастыру бойынша тез арада шара қабылдау керек;
  • қысқа мерзімде апаттық және жоспардан тыс жөндеу жұмыстарын бітіру;
  • қолданыстағы және жаңадан салынатын электр станцияларын жаңғыртуға жағдай жасау.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама