×

Биыл Қазақстанда 88 мыңнан аса көлік өндірілген

Өнімдері Қазақстанда шығатын ең танымал 5 бренд бар

 Еркеғали Болатұлы 21.11.2022 | 11:30
фото: news.ivest.kz

Биыл 10 айда Қазақстан аумағында жалпы сомасы 902,4 млрд теңге болатын 88 064 техника жасалған. Өндіріс көлемі 2021 жылғы қаңтар-қазан аралығындағы көрсеткіштен 23,6%-ға жоғары.

Қазақстандық АвтоБизнес қауымдастығының мәліметінше, қазан айында 9 623 техника өндірілді десек, бұл – былтырғы қазандағы нәтижемен салыстырғанда 25,4%-ға артық көрсеткіш.

Бұған жеңіл автокөлік өндірісінің артқаны себеп болған. Биыл 80 251 (+29,9%) машина өндірілген. Одан бөлек, елдегі зауыттар 5 916 жүк көлігі, 552 тіркеме мен жартылай тіркеме және 363 басқа арнайы техника өндірді.

Өнімдері Қазақстанда шығатын ең танымал 5 бренд қатарында Chevrolet (31 063 дана), Hyundai (28 863 дана), Kia (11 480 дана), JAC (5 764 дана) және Lada (4 872 дана) бар. Сұраныс жоғары модельдер – Chevrolet Cobalt, Hyundai Tucson және Chevrolet Nexia.

10 айдың қорытындысы бойынша, қазір Қостанайда орналасқан «СарыарқаАвтоПром» мамандары жалпы құны 463,2 млрд теңге болатын 54 113 (+22,7%) техника құрастырып, рекорд жасап отыр.

Ал Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan бағасы 395,9 млрд теңге болатын 28 863 дана жеңіл көлік шығарса, семейлік СемАЗ тұтынушыларға 22,1 млрд теңге тұратын 1 832 (-44,5%) коммерциялық техника жөнелтті.

Сонымен қатар, Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг 986 (-20,2%) жүк көлігін жасап шығарған. Hyundai Trans Auto зауыты болса, 858 (+34,7%) жүк көлігі мен автобус құрастырыпты. QazTehna мен Daewoo Bus Kazakhstan да 309 және 167 автобус шығарған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама