×

«Назарбаев қоры» ресейлік банкті толық меншігіне алды

Бұған дейін банк қорға қарасты компанияның иелігінде болған

 Бауыржан Мұқанов 11.11.2022 | 10:13
Фото: dp.ru

2021 жылдың қыркүйегінде ресейлік Азия-Тынық мұхиты банкінің (АТБ) 100% акцияларын қазақстандық Jusan қаржылық технологиялар тобы аукционда сатып алғаны хабарланған еді. Нақтырақ айтқанда, банкті Jusan компаниялар тобына қарасты Pioneer Capital Invest атты компания алған. Бұл компания құрамына Jusan Bank, First Heartland Securities брокерлік компаниясы және IT, телекоммуникациялар, логистика, сақтандыру және т.б. салалардағы түрлі ұйымдар кіреді.

Алайда арада бір жыл өткенде Азия-Тынық мұхиты банкінің Jusan компаниялар тобына қатысы жоқ болып шықты. Азия-Тынық мұхиты банкінің өкілі Дмитрий Борщевский Forbes.kz сайтына берген сұхбатында «банктің акционері Jusan тобынан автономды Pioneer Capital Invest активтерді басқару компаниясы екенін, ал бұл компанияның негізгі иесі «Назарбаев қоры» екенін айтты. Мұны «Назарбаев қоры» да растаған. 

2022 жылдың қазан айынан бастап холдингті ішкі қайта құрылымдау нәтижесінде Pioneer Capital Invest пен оның иелігіндегі Азия-Тынық мұхиты банкі қордың меншігі болды. Алайда қордың Jusan тобына тікелей қатысы жоқ, – деп жариялаған еді қордың баспасөз қызметі.

Алайда айта кетерлігі, қордың мұнда «қатысы жоқ» демей, «тікелей қатысы жоқ» дегенін де ескеру қажет. 

Жалпы, Jusan тобы мен соның ішіндегі Jusan Bank-тің Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар-жоғы туралы сауал әлі де болса сейілген жоқ. Осы орайда, банктің баспасөз қызметі де 2022 жылдың қазан айының басында арнайы мәлімдеме жасаған еді. 

Банк Назарбаев мырзаның да, оның отбасы мүшелерінің де банкке, оның еншілес кәсіпорындарына және бас компания –JTL-ге қатысы жоқ екендігін хабарлайды. Олар банк акционерлерінің құрамына да кірмейді және қандай да бір нысанда банкке немесе JTL-ге бақылауды жүзеге асырмайды, – делінген еді хабарламада. 

Ал Назарбаев меншігіндегі қордың иелігіндегі компанияларға келер болсақ, 2021 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша, Pioneer Capital Invest-ті Назарбаев Қоры (акциялардың 74,48%), сондай-ақ Назарбаев Университеті (16,06%) және Назарбаев Зияткерлік мектептері (9,46%) басқарды.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Назарбаев Университеттері мен Назарбаев зияткерлік мектептеріне мемлекет тарапынан берілетін қаражаттың өзге университеттер мен мектептерден ондаған есе көп екенін жазған едік. 

«Назарбаев қоры» 2010 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Назарбаев Университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептерін қаржыландыру мақсатында ғана эндаумент қоры ретінде құрылған. Бірақ 2017 жылы қор басшылығы Pioneer Capital Invest (PCI) инвестициялық компаниясы мен First Heartland Securities (FHS) холдингін құру туралы шешім қабылдады, оны бірінші кезекте Экспобанк (бұрынғы ABN, Amro Bank Kazakhstan) сатып алып, атып First Heartland Bank деп өзгертті.

Одан кейін Цеснабанкті сатып алып, атын Jusan Bank деп өзгертті де, кейін ол АТФ Банкті сатып алды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама