×

Назарбаев университетінің әрбір студентіне басқа ЖОО-лармен салыстырғанда 17 есе көп ақша бөлінеді

Назарбаев университетінің әр студентіне 8,5 млн теңге жұмсалады

 Бауыржан Мұқанов 22.10.2022 | 10:45
Коллаж: Halyq Uni

«Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымына 2022 жылы бюджеттен 46,4 млрд теңге бөлінді деп жауап берді, Ғылым және жоғары білім министрлігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына. 

Министрліктің мәліметінше, 2021 жылы бұл университетке 50,8 млрд теңге бөлінген. Ал 2023 жылға 42,7 млрд теңге жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Назарбаев университеті» ДБҰ-ға нысаналы салымға 2021 жылы 7,0 млрд теңге, 2022 жылы 2,1 млрд теңге бөлінген.

2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңының жобасында 2023 жылға 0,9 млрд теңге жоспарлануда, – деп хабарлады министрлік. 

Соңғы үш жылдық динкамикаға көз жүгіртсек, аталған университет бюджеті айтарлықтай көп болғанымен, жыл сайын біртіндеп азайып келе жатқаны байқалады. Есесіне өзге университеттерге бөлінетін қаражат айтарлықтай көбейіп жатыр.

Мәселен, Қазақстанда қазір 121 университет болса, «Назарбаев университетін» қоспағанда оларға бюджеттен 2021 жылы 212,2 млрд теңге бөлінсе, 2022 жылы 290,4 млрд теңге бөлінген. Яғни, бюджет бір жылда 37% көбейген.

Ал 2023 жылы көрсеткішті тағы 8,8% көбейтіп, 316 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. 

Дей тұрғанмен, әлі де болса «Назарбаев Университеті» мен өзге университеттерге мемлекеттен бөлінетін қаражат жер мен көктей. Қазақстанда өткен оқу жылында  «Назарбаев Университеті» студенттерін санамағанда 574 мың студент болды десек, оларға бөлінген 290,4 млрд теңге жан басына шаққанда 505 923 теңгеден келген. Ал  «Назарбаев Университетінің» былтырғы оқу жылындағы 5 444 студентіне 46,4 млрд теңге бөлініп, әрқайсына шаққанда 8 523 145 теңгеден келіп отыр. Яғни,  «Назарбаев Университеті» студенттеріне бюджеттен өзге студенттерге қарағанда шамамен 17 есе көп қаржы бөлінеді деген сөз.  

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек «Назарбаев университетіне» қаржы бөлуді азайтып, есесіне өңірлік университеттердің бюджетін арттыратынын айтқан еді. 

Сонымен қатар, таяуда Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқушыларына бөлінетін қаражаттың жалпы білім беретін мемлекеттік мектеп оқушыларына бөлінетін қаражаттан 10 есе көп екенін жазған едік.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама