×

Маңғыстауда инвестициялық жобаға берілген жерлер 10 жылдан бері бос жатыр

«Каспий» ӘКК құрылған уақыттан бастап, оған 551 жер телімі рәсімделгенін

 Айнұр Шошаева 27.10.2022 | 14:39
Сурет: ашық дереккөзден

Маңғыстау облыстық әкімдігіне қарасты «Каспий» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы сот шешімімен жер телімін игермегені үшін жосықсыз жеткізуші болып танылды. Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Оның сөзінше, өңірлердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары жер телімін мемлекет меншігінен шығарумен айналысып отыр. 

«Шетелдіктерге жер сатылмасын деп өз азаматтарымыздың бүкіл жерді заңсыз сатып жібергенін байқамай қалмайық. Қайтадан сол жыр болған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы туралы айтамыз. Атап айтқанда, ӘӘК әкімдердің қосымша табысына ғана емес, сонымен қатар жерді мемлекет меншігінен заңсыз шығарудың ыңғайлы тәсіліне қалай айналғанын айтып береміз», – деп жазды ол әлеуметтік желіде

Маңғыстау облысында Антикор лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғаған, алайда ол тоқтатылуға жақын, дейді ол. 

«Мұнда ӘКК барлық рекордтарды жаңартты: 2019 жылғы наурыздан бастап сот шешімімен олар жер учаскелерін игермегені үшін жосықсыз жер пайдаланушылар тізіміне енгізілді. Яғни, мемлекеттік корпорация жосықсыз деп танылды. Осыған қарамастан, әкімдік оларға мөр басып, жер беріп жатыр. Тек осы кезеңде 13 жер телімі заңсыз берілген», – деп қосты ұйым жетекшісі. 

Бұған қоса, қоғамдық белсенді «Каспий» ӘКК құрылған уақыттан бастап, оған 551 жер телімі рәсімделгенін айтады. Оның 496 телімі басқа тұлғаларға тіркелген, меншігінде тек 55 жер қалды. 

«Бұдан бөлек, инвестициялық жобаларға берілген кейбіржерлер 10 жылдан астам уақытттан бері игерілмей келеді. Игеруді бір аптаға кешіктіріп көріңіз, әкімдік қызметкерлері қайтарып алуға жетіп келеді. Сондай-ақ жер телімдерінің бір бөлігін жеке меншікке сатып жіберіп, оны несие алу үшін кепілдікке қойылып үлгерген екен. Мысалы, Ақтаудағы бір учаске банкке 180 000 000 теңге несие алу үшін кепілдікке қойылды. Алайда оны ӘКК-дан 2 626 000 теңгеге сатып алған болатын», – деп қорытындылады Дидар Смағұлов. 

«Әділдік жолы» РҚБ өңірлердегі әлеуметтік кәсіпкершік корпорацияларының қызметі мен жүргізген сатып алуларына мониторинг жүргізуін жалғастырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама