×

Украинадағы қарулы қақтығыс комбайн бағасын екі есе қымбаттатты

Елдегі егін науқанына 1 трлн теңге керек

 Ербол Тұрымбет 13.10.2022 | 10:04
Коллаж: Halyq Uni

Елордада «EXPO» ХКО-да Орталық Азиядағы ең ірі агроөнеркәсіптік KazAgro/KazFarm-2022 көрмесі өтіп жатыр. Шараға келген шаруалардың айтуынша, көрмеге қойылған техникалардың бағасы өте қымбат. Төмен пайызбен сатып алғанның өзінде төлеп құтылу мүмкін емес.

«КОМБАЙННЫҢ АҚШАСЫН 10 ЖЫЛДА ТӨЛЕП БІТЕМІН»

Ақмола облысы, Ақкөл ауданының диқаны Тілеген Ғалиев комбайнға қол жеткізе алмай жүрген көп шаруаның бірі. Ақкөлде 700 гектар жерге бидай егіп отырған ол «Ростсельмаштың» комбайнын алғысы келеді. Бірақ бағасы қымбат – 98 млн теңге (толық жабдығымен).

Себебі, оны несиеге алады. Ал ақшасын қайтару үшін жоқ дегенде 10 жылдай уақыт керек. Оның өзінде жыл сайын мол өнім алып тұрсаң ғана. Ал 5 жылдан кейін сынып қалса ше?! Ауыл шаруашылығының тәуекелі көп екені және бар. «Сондықтан 98 млн деген асыра сілтеген баға», дейді ол.  

Негізі Тілегеннің алқабына екі комбайн жеткілікті. Бірақ сол екеуінің өзі 200 млн теңгеге тақау болып тұр. Осымен үшінші жыл қатарынан егіншілікпен айналысып жатқан фермер әлі күнге бастапқы салған ақшасын шығармапты. 

ТЕХНИКАНЫҢ ҚЫМБАТТАУЫНАН БИЫЛ САУДА 30% ҚҰЛАЙДЫ

Мұндай жағдайдың сауда-саттықты нашарлатып тұрғанын Қазақстандағы «Ростсельмаш» өкілдері де растады. «Ростсельмаш» ЖШС Қазақстандағы сату бойынша директорының орынбасары Азамат Ахметовтің сөзінше, техникаларының саудасы жыл соңына дейін жоқ дегенде 30% құлайды деп болжанып отыр.

Былтыр ең көп сатылған комбайнның орташа бағасы 50 млн теңге тұрды. Жыл басында инфляция коэффиценті қосылды. Ол Ресейде 10-12% болды. Сөйтіп, 55-58 млн теңгеге көтерілді.  Сол бағаны ақпанға дейін ұстап тұрғанбыз. Қазір комбайн бағасы ең төмені 90 млн-нан қымбаты 98 млн теңгеге дейін барады, дейді ол.

Оған бірнеше фактор әсер еткен. Біріншісі, рубль курсы 5,6 теңгеден 9 теңгеге дейін, яғни, 60%-ға дейін көтеріліп кетті. Екіншісі, логистика бүкіл әлемде 40%, кейбірі 100-150% қымбаттады. Үшіншісі, бүкіл әлемде энергоресурс, соның ішінде жанармай да қымбаттап жатыр. Ол да техника бағасына қосылады.

Бізге келетін шетелдік техникалардың бағасына соғыс едәуір әсер етіп тұр. Әсіресе, ақпан айында, Украинадағы жағдайдан кейін 2 есеге дейін қымбаттаған. Негізгі себебі логистика.

«Астана Агропартнер» ЖШС сату менеджері Максим Мальковтың айтуынша, тасымалдаушы көліктер бұрын Украина арқылы емін-еркін жүрсе, қазір айналып өтіп, паромдармен де қатынап, Түркия арқылы жетіп жатыр. Өйткені бүкіл бөлшек Еуропадан келеді. Ал қазанның 10-ынан бастап шетелдік көліктер Ресей аумағымен мүлде өтпейтін болды. Сайып келгенде, бұрын тасымал құны 10-12 мың еуроға айналса, қазір 20-25 мыңға дейін көбейіп кеткен. Мұның бәрі техника құнына келіп қосылады. Ресейлік техникалар бағасының өсуі де сол Еуропадан келетін бөлшектерге байланысты. Себебі, бөлшектердің 40%-ына дейін Еуропадан алады.

Енді осы айтылғандарға рубль-теңге курсының қымбаттауы мен жанармай мен салық, басқа да төлемдерді айта берсек, бәрі айналып келіп техника бағасын шарықтатып тұр, дейді Максим.

МИНИСТРЛІК КОМПАНИЯЛАРДЫҢ ҰСЫНЫСЫН ҚОЛДАМАЙДЫ

Сол үшін компаниялардың өкілдері фермерлерге ұзақмерзімді арзан несие керектігін айтады. Мысалы, мемлекеттен берілетін бүкіл субсидияны (25% негізгі құнға, 10% несиеге) алып тастап, оның орнына шаруаларға кез келген банк 1,5% несие беретіндей ету керек. Сол кезде бүкіл шаруа техниканы 90-100 млн болса да ойланбастан сатып алады деген ойда.

Бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігі оны қолдамайды. Егіншілік департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуынша, мұндай нұсқа қаралған. Президент тапсырмасымен ауыл шаруашылығы саласындағы субсидияны реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Есептеп қараса, субсидияларды алып тастаса, ол қаражат арзан несие қылып беруге жетпей қалады.

Өйткені, жылына бүкіл ауыл шаруашылығы субсиядиясына деп 300 млрд теңге жұмсалады. Ал диқандардың өзі ғана жылына осынша қаржыға техника сатып алады. Демек, басқа салаға ақша қалмайды. Ал бізде егін салу мен өнім жинау науқанына 1 трлн теңге керек екен.

Екінші себеп, диқандарда кепілдік базасы жоқ.

Үшіншіден, мұндай тым арзан пайызбен несие беруге болмайды. Себебі қаржы институттарының есебінше, кемінде 4%-бен берілу керек.

Мысалы, біз отандық автокөліктер секілді, отандық ауылшаруашылығы техникаларына да мемлекеттік бағдарламамен 6%-бен несие бере бастадық. Оны 4%-бен де беруге де болар еді. Бірақ, ол мүмкін емес. Себебі бағдарламаға бөлінген 40 млрд теңгенің 30 млрд-ы «Жасыл даму» АҚ-нан келсе, 10 млрд-ын «ҚазАгроФинанс» біз жерден қымбат пайызбен алды. Сондықтан 4%-бен де бере алмаймыз. Сондықтан, тек ескі механизммен жұмыс істеуден басқа амал жоқ, дейді Азат Сұлтанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама