×

Шекаралас аймақтарда пәтер жалдау 50% қымбаттады

Жалдамалы баспананың қымбаттауы инфляцияны күшейтті

 Ербол Тұрымбет 04.10.2022 | 15:41
Коллаж: Halyq Uni

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, қыркүйектегі инфляция деңгейі тамызбен салыстырғанда 1,8% өсті. Қыркүйек айында инфляцияның ең жоғары өсім қарқыны ақылы қызметтерде байқалған – 2,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,9% қымбаттады, тұтыну бағалары индексіндегі ең мардымсыз қымбаттағаны азық-түлік болып отыр – 1,2%.

Ал ақылы қызметтер арасында қыркүйекте ең жоғары өсім тұрғын үйді жалға беру саласында байқалды – 13,1%, яғни сала бойынша бағасын ең қарқынды өсіргені осы болып тұр. Одан бөлек, білім беру қызметтері де 7,9% өскен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттар, жуу және тазалау құралдары, жеке тұтыну тауарлары, киім мен аяқ киімдер біршама бағасын өсірген.

Азық-түлік ішінде әдеттегідей жұмыртқа бағасы, күнбағыс майы, күріш, макарон өнімдері әрқайсысы, тоқаш пен ұн өнімдері және басқалардың бағасы біршама көтерілген. Есесіне, жаңа піскен көкөністер бағасы 10,2%, картоп 8,5%, құмшекер 5,2%, жаңа піскен жемістер 3% арзандады.

Жылдық инфляция деңгейі 17,7% құрады. 2022 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 22,2% өсті, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 17%, ақылы қызметтер 12,3% көтерілді.

АҚТӨБЕДЕ ТӘУЛІКТІК ПӘТЕР ЖАЛДАУ ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТТАДЫ

Krisha.kz-тің өткен апта соңындағы мәліметінше, жалдамалы баспанаға деген ең көп сұраныс Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл мен Павлодарда байқалған. Және баспана жалдау ақысының ең көп қымбаттағаны да осы Ресеймен шекаралас өңірлерге тиесілі – 50% өскен. Ақтөбеде тіпті, тәуліктік баспана жалдау құны бірден екі есе артқан.

Мәселен, Ақтөбе облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының мәліметінше, 21-27 қыркүйек аралығында облысқа 3 мыңға жуық ресейлік келген. Осы аралықта 14 ресейлік азамат облыста тұрақтап қалуға рұқсат алу үшін өтініш білдіріпті.

СҚО-да одан да көп. Облыстық ХҚКО мәліметінше, Ресейде ішінара мобилизация жарияланған күннен бері ЖСН алуға 5 мыңға жуық ресейлік өтініш білдірген. Ал тұрақтап қалғысы келетіндер аз екен. Қазірге дейін 267 ресейліктен өтініш түсіпті.

Ал Шымкент, Түркістан, Тараз бен Көкшетауда сұраныс аз болса керек, баға өсімі байқалмапты.

Ал Астана мен Алматыда пәтер жалдау 5,6% және 5,1% шамасында ғана қымбаттапты.

Бір қызығы, Атырауда жалдау ақысы бірден 40% көтерілген екен. Krisha.kz сарапшылары оны жәй спекуляция деп отыр.

Әйтсе де бәрібір еліміздегі ең қымбат жалдау ақысы Алматыда. Орта есеппен шаршы метрін 5 435 теңгеден жалға беріп жатыр. Яғни, бір бөлмелі пәтер шамамен айына 200 мың теңгеден асып тұр.

Қала

1 бөлмелі

2 бөлмелі

3 бөлмелі

Алматы

220 000

350 000

500 000 

Астана

180 000

250 000

400 000

Ақтау

120 000

140 000

182 500

Ақтөбе

175 000

250 000

350 000

Атырау

157 500

250 000

290 000

Қарағанды

130 000

160 000

240 000

Қостанай

200 000

250 000

300 000

Павлодар

150 000

180 000

300 000

Петропавл

135 000 

200 000

225 000

Орал

170 000

250 000

300 000

Өскемен

120 000

150 000

210 000

Серіктес жаңалықтары

Сараптама