×

ШҚО-дағы дала өртінің беті қайтпай жатыр

Күршім ауданындағы дала өртінің аумағы 1800 гектарға жеткен

 Динара Амантай 09.09.2022 | 10:51
Фото: @shygysqaz_tjd

Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданында дала өртінің беті әлі қайтпады. Дегенмен елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі ШҚО Төтенше жағдайлар департементінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Күршім ауданындағы дала өртінің аумағы 1800 гектарға жеткен. Өртті сөндіруге барлығы 278 адам мен 34 техника жұмылдырылған. Жалынды ауыздықтауға қиын таулы жер мен қатты жел кедергі келтіріп жатыр. Суағар құрылғысы бар 3 тікұшақ тартылды. Барлығы әуеден 18 рет су төгілді.

Алтай ауданында бұта мен шөпті шарпыған тілсіз жаумен жергілікті атқарушы орган өкілдері, орманшылар, «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің қызметкерлері, ТЖД өрт сөндірушілері тарапынан 350 адам күресіп жатыр. Қазір өрттің жалпы ауданы – 1400 гектар, – делінген хабарламада.

Катонқарағай ауданындағы Алтынбел ауылынан 12 шақырым жерде шыққан от 1900 гектарға жайылып кеткен. Өртті өшіруге 350 адам мен 27 техника жұмылдырылды. МИ-2 және МИ-17 тікұшақтары да іске қосылған.

«Құйған ауылдық округі аумағындағы жалынның жалпы ауданы – 200 гектар. Орманның 17,5 гектар алаңына тараған от ауыздықталды. Барлық ауданда елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ», – деп мәлімдеді ведомстводан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама