×

Петропавл тұрғындары әкімдіктің жылу маусымына дайын екеніне сенбей отыр

Қалада 20 қыркүйектен кейін әлеуметтік нысандарға жылу беріледі

 Самат Жақып 08.09.2022 | 09:12
Halyq Uni

Петропавлда 20 қыркүйектен кейін әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Алайда тұрғындар қыста тағы жылусыз қаламыз ба деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Айта кетейік, наурызда Петропавл жылу электр орталығында түтін мұржасы опырылып, қала тұрғындары көктемде жылусыз әрі ыстық сусыз қалды. Қыста жағдай тағы да қиындауы мүмкін, себебі жергілікті халық стратегиялық нысанда қайта қалпына келтіру жұмыстарының жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанына сенбейді.

Солтүстік Қазақстанда жылыту маусымы кей жылдары тоғыз айға дейін созылады. Соған байланысты бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында талқыланды.

«СевКазЭнерго» АҚ бас директоры Олег Перфиловтың айтуынша, қазір жылу электр орталығында жұмыс қызу жүріп жатыр. Құлаған мұржаны Шығыс Қазақстан облысынан келген арнайы мамандар бөлшектеп бұзып жатыр. Жоспар бойынша қазанның ортасында жаңа мұржаның құрылысы басталады. Оған 4 миллиард теңге қажет. Жоспар бойынша 2024 жылы екінші мұржа бұзылады.

«Әзірге осылай жоспарланған. Қазір бірінші қазандықтың желілерін екінші түтін мұржасына өткізіп қойдық. Жылыту маусымы кезінде құбырлардың емес, жұмыс істейтін қазандықтардың саны маңызды екенін естен шығармағанымыз абзал. Бәрі ойдағыдай болса, 12 қазандықтың 11-і жұмыс істейді. Біреуі қайта жаңартылып жатыр. Орта есеппен алсақ, егер қыста ауа температурасы минус 25 градус болған кезде қаланы жылыту үшін бізге 9 қазандық жеткілікті. Ал минус 30-дан асса, онда 10 қазандыққа дейін қосамыз. Резервте екі қазандық тұрады. Жалпы біздің жоспар бойынша қыркүйектің соңында 3 қазандық іске қосылады. Ал қазанның аяғына қарай – 10, қарашаның аяғына қарай 11 қазандық жұмыс істейді», - дейді Олег Перфилов.

Оның айтуынша, қазір жылу электр орталығында елдегі әртүрлі мердігерлік ұйымнан 500-ге жуық маман жөндеу жұмыстарына жұмылдырылған.

«Қаражат та жеткілікті. Шамамен 12 миллиард теңгеге жуық ақша бөлінді», - деді Перфилов.

«КІМ КЕПІЛДІК БЕРЕДІ?»

Солтүстік Қазақстан облысы қоғамдық кеңесінің мүшелері жылу маусымының дайындығына сенбей отыр. Жиынға қатысқандар ЖЭО-дағы құрылысты бақылау үшін осы саланы түсінетін мамандарды тарту керек екенін айтты. Сондай-ақ мұндай мәселе аудандарда да қордаланып қалған.

Биыл қыста Петропавлдағы Ұлттық ұланның әскери академиясында болдым. Курсанттар жататын бөлмедегі температура мүлдем нормаға сай келмеді. Олар қыс бойы тоңып шықты. Бұдан бөлек Пушкин және Крепостная көшелеріндегі жылу трассасы әбден тозған. Осыған байланысты бұл көшелердің тұрғындары да біраз қиындық көрді. Ал «Жас Өркен» шағын ауданында жаңадан пайдалануға берілген баспаналарда ішінара желілер жоқ. Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында да биыл жылуға байланысты мәселе көбейді, - дейді қоғамдық кеңес мүшесі Петр Шарапаев.

Айтуынша, Бескөл ауылында жазда техникалық комиссия жұмыс істеді. Олар жүргізген жұмыс нәтижесінде жылудың не себепті барлық үйге бірдей берілмейтіні анықталды.

«Қыс таяп қалды. Ал бұл мәселе шешілген жоқ. Ал Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласында 8 жыл дегенде орталық жылу қазандығы салынды. Бірақ оның жұмысы реттелмеген. Қыста құбыры қатып, апат болды. Қазірдің өзінде дұрыс жұмыс істемей тұр. Айта берсек сұрақ өте көп. Сондықтан бірлесіп туындаған сұрақтарды қоғамның талқылауына шығарып, шешуіміз керек. Екі ауданның әкімдеріне ресми хат жолдаймыз. Олар біздің сұрақтарымызға тұщымды жауап беруге міндетті», - деді ол.

Қоғамдық кеңес мүшелері алдағы жылыту маусымы жоспардағыдай өтетініне сенбейді. Себебі стратегиялық нысан әбден ескірген.

«Биыл жылыту маусымында қиын болады. Халық оны айтпаса да түсініп, біліп отыр. Бізге көптеген жыл бойы ЖЭО-да бәрі жақсы деп айтып келді. Бірақ көктемде мұржа құлап, адам мерт болды. Нысанның бүгінгі жағдайын өз көзімізбен көрдік. Дегенмен жауаптылар әлі де жағдай қалыпты деп сендіріп отыр. Екінші мұржада да ақау бар екені анықталды. Енді оны да бұзу керек. Зерттеу жүргізілгенге дейін бұл туралы бізге ешкім айтпады. Сондықтан стратегиялық нысанда тізе берсек проблема өте көп. Ол мәселе ЖЭО-ны жекешелендіру кезінен басталған. Жыл сайын тиісті қаражат бөлінбеген соң, орталық осындай жағдайға түсті», - дейді СҚО қоғамдық кеңесінің мүшесі Павел Афанасьев.

Олар құрылыстың сапалы атқарылатынына кім кепілдік береді деп сұрап отыр.

«Мұндай көлемді жұмысты осындай қысқа мерзімде қалай істеуге болады? Асығыс жасалған істің арты неге әкеліп соғатынын барлығымыз білеміз» , - дейді ол.

Петропавл қаласында жылыту маусымы 20 қыркүйекте басталады. Алдымен балабақша, мектеп, денсаулық сақтау мекемелері жылуға қосылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама