×

Алматылықтар моншадағы ойынханадан 22,5 млн теңгеден аса пайда тапқан

Олар астыртын казиноға тек тексерілген клиенттерін кіргізген

 Динара Амантай 07.09.2022 | 11:54
Фото: turkystan.kz

Алматы қаласында монша кешенінде орналасқан астыртын ойынхана қызметін заңсыз ұйымдастырған бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу барысында 6 адамның заңнамада белгіленген орындардан тыс жерде «Покер» ойынын ойнау үшін ашқан заңсыз ойын мекемесін ұйымдастырып, 22,5 млн теңгеден аса ірі көлемде кіріс алғаны анықталды, – делінген хабарламада.

Агенттіктің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде казинода ойыншы мен қызметкерлер болған, әртүрлі номиналдағы ойын фишкалар, карталар және т.б. қылмысты дәлелдейтін заттар тәркіленді.

Сонымен қатар астыртын казинода тек тексерілген клиенттерге кіруге мүмкіндік беретін жүйе орнатылғаны белгілі болды.

Айыпталушылар кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама