SMM, блогинг және Финляндияға жолдама. Алматының үздік мұғалімдеріне қандай сыйлықтар бар?

Айнұр Шошаева

Былтыр жыл мұғаліміне Alma City тұрғын үй кешенінен пәтер берілді

Коллаж: Halyq Uni

Алматыда мектеп мұғалімдері арасында «Digital Ustaz Almaty» қалалық конкурсына өтінім қабылданып жатыр. Байқау жеңімпазы Финляндияға тағылымдамаға жіберіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматының педагогтері Қазақстанның басқа өңіріндегі мұғалімдер сияқты 56 күн демалады. Барлық педагог қызметкерлердің жалақысы 2020  жылдың 1 қаңтарынан бастап 25% өсті. Сонымен бірге жас мұғалімдердің тәлімгерлігі, магистрлерге қосымша ақы төленеді, сынып жетекшілігі, дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы төленеді. 

Қалалық білім басқармасының мәліметінше. биылғы жылдан бастап мұғалімдерді жұмысқа алу тәртібі өзгерген. Алматы қаласы білім беру ұйымдарының педагогтерін бос лауазымды орынды алдымен enbek.kz сайтына жариялап, бекітілген конкурс арқылы қабылдайды. Яғни, бұрынғыдай білім беру ұйымдарының басшылары тікелей жұмысқа қабылдай алмайды.

Алматылық педагогтердің балаларына балабақшадан орыс бірінші кезекте беріледі. Бұл құқық Педагог мәртебесі туралы заңымен берілген. Аталған заңның 12-бабы 3-тармағына сәйкес педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардан орындарды жергілікті атқарушы органдар бірінші кезектегі тәртіппен береді. 

Мектеп мұғалімдерін кәсіби және материалдық тұрғыдан ынталандыру үшін Алматыда соңғы екі жылда «Digital Ustaz Almaty» педагогтар арасындағы қалалық конкурсы  өткізіліп келеді. Аталған байқауда педагогтар SMM және блогинг, цифрлық қауіпсіздік негіздерін, инфографиканы құруды үйренеді. Сондай ақ контент-жоспарлар құру және медиа материалдармен жұмыс істеуден басқа, мұғалімдерге ыңғайлы қосымшалар мен қызметтер ұсынылады, ал оң тәжірибесі бар әріптестер кеңестерімен вебинарларда бөліседі.  

«Конкурсқа өтінімдерді қабылдаудың аяқталуына екі аптадан аз уақыт қалды – 1 қазан күні «Digital Ustaz Almaty» қатысушылары арасында екінші турға өтетін 100 үздік педагог іріктеледі, онда цифрлық құралдарды пайдалана отырып сабақ әзірленетін болады. Ал қараша айында финалға Финляндияға тағылымдамаға бару үшін күресетін 30 мұғалім жіберіледі. Байқау жеңімпаздары үшін бағалы сыйлықтар қарастырылған, ал бірінші орын иегері Финляндияға білім беру тағылымдамасына жолданады», – деді Білім басқарамасы. 

Бұдан бөлек, басқарма қалада үшінші жыл қатарынан республикалық «Қазақстан мұғалімі-2021» жобасын өткізген. Жылдың үздік ұстазы атанған маман 4 млн теңге қаржылай жүлдеге ие болды.

Ал қалалық "Алматы Жыл мұғалімі" байқауында бас жүлдеге ие болған жеңімпазға Alma City тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі пәтер кілті табысталған. Бірінші орын алған мұғалімге автокөлік кілтін берілсе, екінші, үшінші орын алған педагогтер ақшалай сыйақыға ие болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары, Ақмола мен Алматы облыстарында мұғалімдерге қандай жеңілдіктер бар екені хабарланған еді.