×

Ақмола облысы әкімдігі мұғалімдердің коммуналды шығынын төлеп береді

Педагогтердің балалары балабақшаға кезексіз қабылданады

 Айнұр Шошаева 01.09.2022 | 10:42
Коллаж: Halyq Uni

Қазақстанның қай өңірінде мұғалімдерге қандай жеңілдіктер мен артықшылықтар берілетіні туралы Halyq Uni сауалына Ақмола облысы әкімдігі төмендегідей жауап берді.

«Ақмоба облысында мұғалімдерге бірқатар жеңілдіктер бар. Атап айтқанда, педагогтерге коммуналдық төлемдер мен отын алуға бюджеттен қаржы бөлінеді. Алайда бұл әлеуметтік көмек тек ауылдық елді мекендерде жұмыс істейтін педагогтерге көрсетіледі», делінген әкімдіктің ресми жауабында.

Ақмола облыстық мәслихатының «Ақмола облысының ауылдық елді мекендерінде кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерге бюджет қаражатының есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсетудің тәртібі мен мөлшерін бекіту туралы» 2020 жылғы 18 маусымдағы № 6С-45-6 шешіміне сай, әлеуметтік қолдау жылына бір рет бюджет қаражатының есебінен 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

Естеіңізге сала кетейік, астаналық мұғалімдерге арзан жатақхана мен шетелге білім алуына мүмкіндік бар екені туралы хабарлаған едік.

Сондай-ақ өңірде ауылдық жерлердегі білім беру ұйымдарына мамандарды тартуға «Дипломмен ауылға» бағдарламасын іске асыру ықпал етіп отыр.  Айта кетейік, елімізде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы 2009 жылдан бастап жүзеге асырылып жатыр. 

«Ақмола облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ақпараты негізінде 2022 жылғы 1 тамыздағы  жағдай бойынша білім беру саласына жұмысқа келген 316 маманға 96 790,8 мың.тенге көтерме жәрдемақы және 116 маманға тұрғын үй сатып алуға 525 362, 7 мың теңге сомасында несие бөлінді», – дейді облыстық білім басқармасы. 

Бұған қоса, облыста педагогтердің балаларына балабақшаларға кезектен тыс орындар беріледі. Одан бөлек мұғалім мамандығының мәртебесін арттырып, оларды ынталандыру үшін жыл сайын «Үздік педагог» конкурсы өткізіледі. 2012 жылдан бері аталған байқауға облыстың 200-ден астам ұстазы қатысып, оның 30 үздік деп танылғанын атап өтті.

«Конкурс қорытындылары бойынша облыстық кезеңнің жеңімпаздарына «Үздік педагог» атағы және «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 6-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар кемінде 300 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беріледі. Сондай-ақ, облыс бойынша «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» конкурсы,  «Үздік психолог», «Арнайы білім берудің үздік педагогі», «Психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің үздік педагогі», «Үздік қосымша білім беру педагогі» конкурсы, «Туған жер-тұнған тарих» облыстық сырттай конкурсы, жас педагогтер арасында «Жарқын болашаққа бағдар» облыстық конкурсы өкізіледі.Әр байқаудың қатысушылары мен жеңімпаздары грамоталарымен, дипломдарымен және ақшалай сертификаттарымен марапатталады», – деп қосты басқарма. 

Сонымен бірге, ведомство ұстаздарға берілетін атақтарға тоқталды. Мәселен, «Педагогтің адал еңбегі үшін» ерекшелік белгісіне ие болған педагог 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем алады. сол сияқты «Педагогтің кәсіби міндеттерін үлгілі орындағаны үшін» құрметті атағына ие болған педагог 800 АЕК төлемге ие болады. Айта кетейік, 2020 жылдан бері өңірде бұл екі атақты 6 педагог қана алған екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама