×

Биыл Теңіз кенішінде 37 мың қазақстандық жұмыссыз қалмақ: Атырауда 6226 шетелдікке жұмыс істеуге рұқсат берілді

Биыл мекемелерден 17 мыңнан аса шетелдік жұмыс күшін тартуға сұраныс келіп түскен

 Айнұр Асылбекқызы 10.02.2022 | 11:37
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Биыл Атырау облысында шетелдік жұмыс күшін тартуға 6226 квота бөлінді. Жыл басында бұл көрсеткіш 7598 квота болып бекітілген еді. Алайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 11 қаңтарындағы тапсырмасына сәйкес, квота саны 20 пайызға қысқарған.

Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Әбілқасымовтың дерегінше, бүгінгі көрсеткіш 2019 жылдан бері 2,7 есеге азайған. Атап айтсақ, 2019 жылы Атырау облысында жұмыс істеуге 17 мың шетелдікке рұқсат берілсе, 2020 жылы 10567 квота бөлінген екен. Ал былтыр 7723 квота бекітілген.  

Еске салсақ, жуырда Теңіз кенішінен осы жылдың соңына дейін 39 мың адамның жұмыстан босатылатыны хабарланған болатын. Олардың 37 мыңы - Қазақстан азаматы. Соның ішінде 40 пайызға жуығы атыраулықтар. 

«Теңізшевройл» ЖШС мәліметінше, «Болашақ кеңею жобасы» құрылыс-монтаждау жұмыстарының басым бөлігі аяқтала келген. Соған байланысты қысқарту жүреді. «Болашақ кеңею жобасы» құрылысы 2016 жылы басталған. Бұл - Теңіз кенішіндегі ең ірі жобалардың бірі. Онда қазір 60 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олардың бес мыңы шетелдік.  

Әбілқасымовтың айтуынша, биыл мекемелерден 17 мыңнан аса шетелдік жұмыс күшін тартуға сұраныс келіп түскен. Сұраныс білдіргендер - ТШО және NCOC компаниялары және оларға қарасты мердігер мекемелер. 

Алайда, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұраныстың тек 40 пайызын ғана қанағаттандырған.

Бұл ретте ішкі еңбек нарығындағы жұмыссыз азаматтар мен Теңіз кенішінде жұмыстан босатылатын жұмысшылардың жайы ескерілген.

«Одан бөлек, шетелден маман алдыртуға берілген сұраныс кезінде олардың мамандығына қарадық. Мұндай маман иесін өзімізде жұмыссыздар есебінде тіркеуде тұрған азаматтар мен ТШО-дан босатылғалы отырған жұмысшылардың мамандығы бірқатар сұраныстардың қажеттілігін өтейтініне көзіміз жетті. Оған қоса, оларды сұранысқа ие мамандыққа қайта даярлап оқытуға болатыны да ескерілді». – дейді Әбілқасымов.

Оның айтуынша, биыл берілген 6226 квота сырттан тағы шетелдік жұмыс күші келеді деген сөз емес.

Бұған Атырауда жұмыс істеуге берілген рұқсат мерзімін ұзарту және рұқсатты қайта рәсімдеу кіреді. Мысалы, 2021 жылы 7723 квотаның ішінде 3620 жаңа рұқсат берілді. Қалғаны рұқсат ұзартқандар мен қайта рәсімдегендер. Рұқсат мерзімі - бір жыл, - дейді ол.

Ал рұқсатты қайта рәсімдеу деген – егер шетел азаматының төлқұжаты немесе жұмыс берушінің деректері өзгерген кезде, сонымен қатар, шетел азаматын басқа шетел азаматына ауыстырған жағдайда қайта рәсімдеу. Бұл кезде қолданыстағы рұқсаты жаңартылып, жаңадан рұқсат беріледі. Бұл өз кезегінде квота берілген болып есептеледі. Осы аталғандардың барлығы бөлінген квотаның ішіне кіреді.

- 6226 шетелдік жұмысшы қай жобаларға жұмысқа тартылған?

- Олардың басым бөлігі Атырау облысы аумағындағы ірі инвестициялақ жобалардың бірі «Теңізшевройл» ЖШС-ның Келешек кеңею жобасы Ұңғыма ернеуіндегі қысым жүйесін басқару жобасында қызмет атқарады. Әлемдегі бірегей жобалардың бірі. Бұдан басқа, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» филиалының Қашағандағы кен орнына да қызметке тартылады. Яғни, жоғарыда аталған мұнай-газ операторларының мердігер және қосалқы мердігер мекемелерінде қызмет атқарады.

- Олар қандай мамандар?

- Басым бөлігі ІІ және ІІІ санаттар бойынша шақырылады, яғни, олар құрылымдық бөлімшелер басшылары және білікті мамандар. Атап айтқанда, мұнай-газ саласындағы әртүрлі техникалық департаменттердің директорлары, мұнай-газ құбырларын пайдалану сапасын бақылау жөніндегі жоба менеджерлері, жабдықтарды инженерлік-техникалық әзірлеу және орнату бойынша жоба менеджерлері, сапаны бақылау бойынша өндірістегі тестілеу және тексеру жөніндегі инспекторлар, Теңіз логистикасы қызметі жөніндегі супервайзерлер, газ-турбиналық жабдықтар интеграциялау жөніндегі, геологиялық ізденістер саласындағы құбыр байланысы жөніндегі инженерлер, автоматтандырылған басқару жүйесінің қауіпсіздігі жөніндегі техниктер, технологиялық қондырғыларды пайдалану жөніндегі шетел мамандары.

Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының есебі бойынша, бүгінде облыста шамамен 6000 шетелдік маман жұмыс істейді. Оның бес мыңы ТШО-да, ал мыңға жуығы NCOC компаниясында жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама