×

«58 жасқа дейін төмендетсін!»: Шымкентте әйелдер зейнет жасын төмендетуді талап етіп, митингке шықты

Наурыз алаңына жиналған бір топ әйел 58 жаста зейнеткерлікке шығуды талап етті

 Халық үні 29.08.2022 | 19:45
Фото: otyrar.kz

Шымкентте әйелдердің зейнет жасын төмендетуге қатысты бейбіт митинг өтті. «Наурыз» алаңына жиналған әйелдер  Мемлекет басшысы мен Үкіметтен бұл проблемаға назар аударуын сұрады. Өйткені 55 жастан асқан нәзік жандардың денсаулығы жұмысқа жарамайды. Әрі мұндай жастағы азаматтардың екі қолға бір күрек табуы да қиын дейді, –  деп хабарлады otyrar.kz.

Наурыз алаңына жиналған шымкенттік бір топ әйел зейнет жасын 58-ге дейін төмендетуді талап етті. Айтуларынша, Үкімет бекітіп отырған жас ақ жаулықты аналар үшін тым жоғары. Мұндай уақытта жұмыс табу да, еңбек ету де қиынға соғады.

Біз 63-ке дейін зейнетке шықпай жұмыс істейтін болсақ, бізден кейінгі ұрпақ не істейді? Олар қандай жұмыс істейді? Жұмыспен қамту дәрежесі өте төмен болады. Сондықтан қазіргі мәселе жастарды жұмыспен қамту. Және әр әйел өзінің бейнетінің зейнетін 58 жастан бастап көру керек, -дейді «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының белсенді мүшесі Бибіажар Абилова.

Зейнетақы реформасына сәйкес 2027 жылы әйелдер ерлер секілді 63 жасында зейнетке шығады. Ал қозғалыс мүшелері мұның дұрыс емес екенін айтады. Өйткені, ерлер мен әйелдер ешқашан тең бола аламайды деп есептейді.

Мен өзім үшін өмір сүргім келеді, немерелеріме көбірек уақыт бөлгім келеді. Бірақ мен қазір жұмыс істеймін, мен үшін өте қиын. Денсаулығым жарамайды. Жұмысқа деген қабілеттілгіміз де төмендеген, -дейді «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының мүшесі Аэлита Хасанова

ҚР Конституция күні қарсаңында өтіп жатқан бейбіт митингке қала әкімдігі тарапынан рұқсат берілген. Сондай-ақ, бұл шеру тек Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де болып жатыр. Бұл мәселені 2 жылдан бері көтеріп келе жатқан «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының мүшелері үнімізді Үкімет естісе екен дейді.

ҚР Конституциясының 11 бабының күшін жою керек. Неге? Өйткені, әйелдің зейнетке шығу жасын 63-ке бірақ көтеріп жатыр. Бұл әйелдерге, ақ жаулықты әжелерге жасалған геноцид деп түсінемін. Сондықтан да Тоқаев мырза, аналардың атынан осы заңнаманы қайта қарауыңызды, өзгертуіңізді талап етемін, -дейді «Қазақстан әйелдерінің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендету» қозғалысының мүшесі Шахзада Әлиева.

Еске сала кетейік, Қазақстанда әйелдердің зейнеткерлік жасын кезең-кезеңімен ұлғайту 2018 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Ол жыл сайын 6 айға өсіп отырады. Ал 2027 жылға қарай ерлердің зейнет жасымен теңесіп, 63-ке жетеді деп жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама