×

«Қазақстан халқына» қоры ауруханаларды жабдықтауды қолға алады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ұсыныстарын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 25.08.2022 | 17:27
фото: ашық дереккөз

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қала әкімдігінде жұртшылықпен кездесті. Мұндай кездесу осымен еліміздің 20 өңірінде ұйымдастырылды,

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Кездесу аясында Нұр-Сұлтан әкімдігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Қазақстан халқына» ҚҚ ауқымды, жүйелі жұмыс жүргізуде. Ынтымақтастық туралы меморандум әлеуметтік жобаларды бірлесіп кеңейтуге мүмкіндік береді. Бүгін сындарлы және пайдалы кездесу өтті. Келіп түскен ұсыныстар мен нақты жобаларды біз «Қазақстан халқына» ҚҚ-мен бірлесе пысықтаймыз. Бізге инклюзивті мектептер санын кеңейту, церебральды сал ауруы, аутизм, даун синдромы диагнозымен ауыратын балалармен айналысатын перинаталды орталықтарды, оңалту орталықтарын, Манас көшесінде орналасқан онкологиялық орталықты жабдықтау қажет», –  деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.

Ұлттық қайырымдылық конференциясы қарсаңында кездесуде «Қазақстан халқына» ҚҚ жұмысы таныстырылып, қордың білім беру, денсаулық сақтау және спорт саласындағы іске асырылып жатқан қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары талқыланды. Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар медициналық және оңалту орталықтарын құрал-жабдықтармен барынша қамтамасыз ету, науқас адамдар үшін білім беру бағдарламаларын енгізу, оның ішінде қайта даярлау, шығармашылық және спорт бағдарламаларын қолдау бойынша әңгіме қозғалды. Сондай-ақ өзге де көптеген ұсыныстар келіп түсті.

Жиынға қалалық құрылымдардың басшылары, ҮЕҰ және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, медициналық мекемелердің, жоғары оқу орындарының басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, меценаттар мен басқа да азаматтар қатысты.

«Қыркүйек айының ортасында біз ұлттық қайырымдылық конференциясын өткізуді жоспарлап отырмыз. Оған үш айдан бері дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Конференцияның мақсаты – қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларының жаңартылған тұжырымдамасы мен бағыттамасын бекіту. Бұл құжаттың барынша толық болуы және азаматтық қоғам өкілдерінің тілектерін ескеру үшін біз 40 zoom конференциясын ұйымдастырдық, еліміздің барлық өңірін аралап шықтық. Ал қорытынды кездесу елордада өтуде. Ең басты сұрақ: Сіз қордың қызметі туралы не ойлайсыз және қор сіздің ойыңызша немен айналысуы тиіс?», –  деді «Қазақстан халқына» ҚҚ төрағасы Болат Жәмішев.

Нұр-Сұлтанда қор «Медициналық ұйымдарды офтальмологиялық скринингке және шала туған нәрестелердің ретинопатиясын емдеуге арналған жабдықпен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында Ана мен баланың ұлттық ғылыми орталығы, №2 Көпбейінді қалалық аурухана жабдықтайтын болады.

«Қазақстан халқына» ҚҚ білім гранттары бағдарламасына елорданың 11 жоғары оқу орны қатысуда. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған «Тұсау кесер» дене шынықтыру-сауықтыру үйірмесі жұмыс істейді. Қан тамырлары патологиясы бар 18 балаға медициналық көмек көрсетіледі, дәрілік заттармен, экзоскелеттермен және бионикалық протездермен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері толғандырған сұрақтарына жауап алды. Айтылған ұсыныстар мен табысты іске асырылған жобалар «Қазақстан халқына» ҚҚ-ның алдағы жұмысында ескерілетін болады. Қордың қолданыстағы тұжырымдамасына толықтырулар енгізіледі және жұмыс бағыттары мен бағдарламаларының аясы кеңейтіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама